АРЫСТЫҚ ӨНЕРПАЗДАР ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУДА ҚОС БІРДЕЙ ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

0

Келес ауданында дүбірлі додаға айналған өнер сүйер қауымның басын қосқан айтулы шара – облыстық «Өнер құдіреті – мәңгілік» өнер фестивалі аясында «Ұлы дала әуендері» атты ұлт-аспаптар ансамбльдерінің байқауы жоғары деңгейде өтті. Бұл өнер мерекесі Төлеби, Түлкібас, Сайрам, Жетісай, Шардара, Кентау сынды өңірлерден келген өнер ұжымдарының басын қосып, ұлттық мұраны насихаттау мен жас өнерпаздардың талантын көпшілікке танытуға зор мүмкіндік берді.

Аталған байқауда облыстың түкпір-түкпірінен келген ансамбльдер өз өнерлерін ортаға салып, қазақтың төл музыкалық мұрасын жаңғыртты. Жетіген, қобыз, домбыра, сыбызғы сынды көне аспаптардың үні сахна төрінде қайта жаңғырып, көрермендерге рухани ләззат сыйлады. Бұл жолы да ел ішінде елеулі өнер ұжымдары танылып, озып шыққан үздіктер марапатқа ие болды.

Солардың ішінде Арыс қаласының намысын қорғаған қос бірдей өнер ұжымы – «Көркем сазы» және «Арыс» ансамбльдері айрықша көзге түсіп, қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Қалалық Мәдениет үйінің талантты өнерпаздарынан құралған «Көркем сазы» ансамблі байқауда өздерінің орындаушылық шеберліктерімен, ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен, сахнадағы көркемдік мәдениетімен дараланып, «Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне» лайық деп танылды. Бұл марапат – ансамбльдің бірнеше жыл бойы жинаған тәжірибесі мен үздіксіз еңбегінің жемісі.

Ал «Сазды әуен» вокалды-аспаптар ансамбльдер байқауында өнер көрсеткен «Арыс» ансамблі де дәл осындай мәртебелі марапатқа қол жеткізіп, Арыс қаласының мәдениет саласындағы жетістіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ансамбльдің репертуары бай, орындаған туындылары мазмұнға толы, ұлттық рухқа бай болғаны үшін қазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Байқау барысында қазылар алқасы үміткерлердің әрбір деталіне жіті мән берді. Атап айтқанда, орындаушылық шеберлік, дауыс мүмкіндігі мен диапазоны, музыкалық аспапта еркін ойнау машығы, сахнада өзін ұстау мәдениеті, киім үлгісінің тақырыпқа сәйкестігі секілді маңызды критерийлер бойынша бағалау жүргізілді. Бұл талаптар – байқау деңгейінің жоғары екенін, әрі қатысушылардың кәсіби деңгейі шынайы сынға түскенін көрсетеді.

Арыс қаласының өнер ұжымдары бұған дейін де түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып жүргенін атап өту керек. Мәдениет үйі жанындағы ансамбльдер өздерінің кәсіби деңгейін тұрақты түрде дамытып, жас ұрпаққа үлгі боларлықтай істер атқарып келеді. Олардың әрбір жеңісі – тек өнер ұжымының ғана емес, тұтас қала тұрғындарының рухын көтеретін, патриоттық сезімін нығайтатын қуанышты жаңалық.

Жергілікті билік пен мәдениет саласының басшылары да бұл жетістіктерге үлкен мән беріп, өнерпаздарға қолдау көрсетіп келеді. Қала әкімдігі тарапынан ансамбльдерге қажетті жағдайлар жасалып, шығармашылық бағытта жаңа жобалар мен репертуарлық ізденістерге жол ашылуда. Осы тұста жастардың ұлттық аспаптармен жұмыс істеуге деген қызығушылығы артып, өнерге бет бұрған буынның саны да көбейіп келе жатқаны қуантады.

Қорыта айтқанда, Арыс қаласынан шыққан өнер иелерінің бұл жетістігі – тек марапат қана емес, руханият әлемінде жаңғырып жатқан үлкен қозғалыстың бір көрінісі. «Көркем сазы» мен «Арыс» ансамбльдерінің жеңісі – бүкіл Арыс жұртшылығы үшін ортақ қуаныш. Бұл табыс – алдағы күндерде бұдан да биік белестерді бағындыруға берілген сенімді серпін.

Барша арыстық өнерпаздарды шын жүректен жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта шығармашылық табыстар мен жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектеспіз! Өнерлеріңіз өрге жүзсін!

Advertisements