ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КІЛЕМ ФАБРИКАСЫН АШУ ЖӨНІНДЕ ИРАНДЫҚ ИНВЕСТОРМЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

0

Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аймақ экономикасын әртараптандыру және өңірдегі өнеркәсіптік әлеуетті арттыру мақсатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Иран Ислам Республикасынан келген «Sorena Carpet» компаниясының президенті Реза Махмудианмен арнайы кездесу өткізді. Бұл кездесуде кілем және кілем өнімдерін өндіру бойынша заманауи фабрика ашу мәселесі талқыланды.

«Sorena Carpet» – Таяу Шығыс пен Азия нарығында кеңінен танымал, кілем өндірісі саласында көпжылдық тәжірибесі бар, жүздеген маманды жұмыспен қамтып отырған алпауыт компания. Компания өкілдері Түркістан облысында өздерінің инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп отыр. Кездесу барысында екіжақты тиімді ынтымақтастықтың алғышарттары, өндіріс көлемі, фабриканың орналасу аумағы мен инфрақұрылым мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдайлар жөнінде баяндап, әкімдік тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді. Түркістан облысы бүгінде инвесторлар үшін тартымды аймақтардың бірі болып саналады. Әсіресе Түркістан қаласының маңында орналасқан индустриялық аймақтарда қажетті инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген. Мұнда жер телімдері бөлініп, жол, су, электр энергиясы, газ желілері тартылған. Бұл өз кезегінде жаңа жобаларды жылдам іске асыруға мүмкіндік береді.

– Түркістан облысы мен Иран Ислам Республикасының арасындағы әріптестік әлеуеті жоғары. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Өңірде шетелдік капиталдың қатысуымен бірнеше табысты жобалар жүзеге асты. Сол себепті біз сіздердің бастамаларыңызды құптаймыз және кілем фабрикасын ашу бастамасын толық қолдаймыз. Кілем – қазақ халқы үшін ежелден келе жатқан, тұрмыс пен мәдениеттің айнымас бір бөлігі. Қазақстан нарығындағы кілем өнімдерінің 75 пайыздан астамы импортқа тәуелді. Осы орайда Түркістанда заманауи, сапалы өнім шығаратын фабриканың ашылуы нарықтағы импорттық тәуелділікті азайтып қана қоймай, жұмыс орындарының көбеюіне, отандық өндірістің дамуына серпін береді, – деді облыс әкімі.

Статистикалық деректерге сүйенсек, былтырғы жылы Қазақстанда барлығы 5,1 миллион шаршы метр кілем өнімдері өндірілген. Алайда бұл көлем ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Ел тұрғындары әлі де болса кілем бұйымдарын Түркия, Қытай және Ресейден импорттауға мәжбүр. Осыған байланысты отандық өндірісті жолға қою – уақыт талабы.

Кездесуде инвестор Реза Махмудиан Түркістан өңірінде кілем фабрикасын іске қосу жоспарымен бөлісті. Оның айтуынша, бұл жоба жоғары сапалы шикізатты қолдана отырып, дәстүрлі үлгіде және заманауи технологиялармен жабдықталған өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, фабрикада кемінде 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Ирандық тарап Түркістан облысының логистикалық мүмкіндіктерін, еңбек ресурстарын және инвестициялық климатының тұрақтылығын жоғары бағалады. Кілем өндірісі бойынша фабрикада иіру, бояу, тоқыма және әрлеу цехтары болады деп жоспарлануда. Бұл жоба аймақ экономикасына ғана емес, сонымен қатар көршілес өңірлерге де оң әсерін тигізеді.

Қазіргі таңда тараптар өндіріс қуаттылығы, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау, техникалық кадрлар даярлау және нарыққа шығу стратегиясы бойынша кеңесіп жатыр. Келіссөздердің келесі кезеңінде нақты техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, инвестициялық келісімге қол қойылады деп жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру кезеңі шамамен 12-18 айды қамтиды.

Кілем фабрикасының ашылуы – Түркістанның өндірістік-индустриялық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Бұл жоба бір ғана саланың емес, сонымен қатар тоқыма өнеркәсібі, логистика, маркетинг және қызмет көрсету салаларындағы көптеген кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер үшін жаңа серпін болары анық.

Түркістан облысы әкімдігі шетелдік инвесторлармен тұрақты байланыс орнатып, өңірге тікелей инвестициялар тарту арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге күш салуда. Бұл бағытта «TURKISTAN INVEST» агенттігі белсенді жұмыс жүргізіп, әр жоба бойынша жеке сүйемелдеу қызметін көрсетеді. Сонымен бірге бір терезе қағидасымен инвесторларға қажетті құжаттар мен рұқсатнамаларды жылдам рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында кілем фабрикасын ашу жобасы – тек бір кәсіпорынның ашылуы ғана емес, бұл – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын, отандық өнім көлемін көбейтетін, сырттан келетін импортқа деген тәуелділікті төмендететін маңызды экономикалық қадам болмақ.

Advertisements