ТҮРКІСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ҚАЛАСЫ» ФЕСТИВАЛІНДЕ ҮЗДІК ЖОБАЛАРДЫ ТАНЫСТЫРДЫ
Астана қаласында өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» атты республикалық фестиваль еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуда жаңа белеске айналуда. Ауқымды іс-шара ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен және қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты — жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жастардың техникалық және кәсіптік білімге деген қызығушылығын ояту, сонымен қатар еңбек нарығына қажетті заманауи мамандықтарды насихаттау.
Бүгінде фестиваль өз жалғасын тауып, үшінші күніне ұласқан. Іс-шараның алғашқы күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «EXPO» халықаралық көрме орталығына арнайы барып, қатысушылармен кездесті. Президент жастардың шығармашылығына, заманауи технологияларға негізделген жобаларына жоғары баға беріп, жұмысшы мамандықтарын дамыту – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Осы фестивальге Түркістан облысынан келген делегация ерекше белсенділік танытып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған топтың құрамында 250 адам бар. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 50-ге жуық басшысы мен педагогы, 100-ден аса студент, 60 мектеп оқушысы, 10 облыстық және жергілікті мәслихат депутаттары, әлеуметтік серіктес кәсіпорындардың 20 өкілі, арнайы пән оқытушылары және өндірістік оқыту шеберлері бар.
Фестиваль алаңында еліміздің 20 өңірінен келген қатысушылар экономиканың 15 негізгі бағыты бойынша арнайы павильондарда өз жобаларын таныстырып жатыр. Олардың қатарында машина жасау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, көлік және экология салалары бар. Әр өңірдің павильоны өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, жастардың инновациялық ойлау қабілеті мен техникалық машықтарын паш етуде.
Түркістан облысының атынан қатысып жатқан Мақтаарал аграрлық колледжі мен Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжі көрмеде айрықша жобаларымен көзге түсті. Мақтаарал аграрлық колледжі су шаруашылығына арналған жаңа технологиялық шешімдерін таныстырса, Қапланбек колледжі агроэкономикалық бағыттағы стартап-жобаларын ұсынды. Бұл жобалар ауыл шаруашылығында су үнемдеу, өнімділікті арттыру, автоматтандыру сынды өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.
Көрме аясында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен вице-министр Еділ Оспан Түркістандық студенттердің жобаларымен танысып, олардың шығармашылық деңгейін жоғары бағалады. Жастардың өз саласына деген қызығушылығы мен инновациялық тәсілдері министрліктің назарынан тыс қалмады. Министр өз сөзінде:
«Жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының іргетасы. Осындай фестивальдер арқылы біз жастарды кәсіптік білім алуға ынталандырып, еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандарды даярлаймыз», – деп атап өтті.
Түркістандық делегация фестиваль аясында еліміздің басқа өңірлерінен келген әріптестерімен тәжірибе алмасып, жаңа оқу бағдарламаларымен танысты. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы инновациялар, оқу үдерісіндегі цифрлық шешімдер, жабдықтар мен тренажерлар, виртуалды зертханалар сынды бағыттар бойынша пайдалы ақпараттар алды.
Іс-шара барысында ірі кәсіпорындар мен колледждер арасында ынтымақтастықты нығайту мақсатында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Түркістан облысынан келген Қапланбек жоғары аграрлық техникалық колледжі бірнеше кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіп, нақты келісімдерге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Мәселен, колледж өкілдері:
-
«ЭКО-Культура Евразия» компаниясымен – экологиялық таза өнім өндіру бойынша;
-
«Qazaq Sut» қауымдастығымен – сүт өңдеу технологиясы бойынша;
-
«ME GROUP» ЖШС-мен – өндірістік тәжірибелер ұйымдастыру бойынша;
-
Ірі қара малдың сүт және аралас тұқымдарының республикалық палатасымен – мамандар даярлау бағыты бойынша;
-
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен – ғылыми бағытта әріптестік орнату бойынша кездесулер өткізуде.
Фестиваль аясында түрлі семинарлар, шеберлік сабақтары, мұнай және энергетика салалары бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос орындар жәрмеңкесі, стартап тұсаукесерлері, концерттер мен тренингтер ұйымдастырылды. Бұл жастардың өз мамандығына деген сенімін нығайтып, өз жобаларын дамытуға серпін беретін орта болып отыр.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі – елімізде Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында ұйымдастырылып отырған алғашқы әрі ауқымды іс-шара. Ол 15 ақпан күні өз мәресіне жетіп, үздік жобалар марапатталып, келешектегі серіктестік бастамалар нақты нәтижеге айналмақ.