ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫНДА НЕМІС ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУ ЖОЛДАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Түркістан облысында инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде жол құрылысын жаңа деңгейге көтеру мақсатында шетелдік озық технологиялар енгізілуі жоспарланып отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың Германиядан келген инвесторлармен кездесуі осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды. Бұл жиын – жергілікті атқарушы органдар мен шетелдік компаниялардың әріптестікке дайын екендігін және жаңа технологияларды жол салу ісінде пайдалану бойынша ортақ ниеттің бар екенін көрсетті.
Кездесуге «German – GreenTec Ecologic GmbH» компаниясының құрылтайшысы және серіктесі Фридрих Штек, «Anderbold – Сибирь» компаниясының бас директоры Сергей Шнайдер, «Underbold Ltd.» компаниясының бас директоры Талғат Керімов және аталған компаниялардың өкілдері қатысты. Жиында Түркістан облысы аумағындағы жолдардың жағдайы, олардың сапасын арттыру мәселелері, сондай-ақ құрылыс барысында заманауи технологияларды енгізу мүмкіндіктері егжей-тегжейлі талқыланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов неміс инвесторларын қолдауға дайын екенін айтып, пилоттық жоба аясында облыс аумағындағы проблемалық көшелерге жаңа технологияны енгізу мәселесін қарастыруды тапсырды. Оның айтуынша, облыс әкімдігі автомобиль жолдарын дамытуға ерекше назар аударып отыр. Бұл бағытта кешенді жұмыстар қолға алынған. Жолдардың сапасын арттыру, ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету және құрылыс шығындарын азайту – бүгінгі күннің басты талабы.
– Жол саласында жаңа әдістер мен технологияларды қолдану – бұл тек инновациялық даму ғана емес, сонымен бірге бюджет қаражатын тиімді жұмсаудың да бір жолы. Егер біз Underbold технологиясының тиімділігін дәлелдей алсақ, оны кеңінен қолдану арқылы облыстағы жол сапасын едәуір жақсарта аламыз, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Кездесуде таныстырылған «underbold» эмульсионды стабилизаторы – әлемнің көптеген елдерінде 20 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келе жатқан заманауи неміс технологиясы. Бұл өнімді елімізде трансферттеу жобасын Германияның «German-greentec Ecologic GmbH» компаниясының эксклюзивті өкілі саналатын «Underbold Ltd.» жүзеге асырып отыр. Технология – экологиялық тұрғыда таза, ауа райының күрделі өзгерістеріне төзімді, құрылыс мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Инвесторлар өз тараптарынан ұсынылып отырған технологияның басты артықшылықтарына тоқталды. Біріншіден, «underbold» стабилизаторы қолданылған жағдайда жол құрылысының жалпы құны 30 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Бұл – жергілікті бюджетке түсетін жүктемені жеңілдетіп, сонымен бірге қосымша қаржыны өзге инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға жол ашады. Екіншіден, өнімнің беріктігі мен сапасына кепілдік беріледі: жол жабындарының қызмет ету мерзімі – кемінде 5 жыл. Бұл кезеңде жол төсеніштері температураның -50 градустан +50 градусқа дейінгі айырмашылықтарына төтеп бере алады.
Сондай-ақ, неміс тарапы экологиялық қауіпсіздікке де баса назар аударған. Жол құрылысы кезінде қолданылатын материалдар қоршаған ортаға зиян келтірмейді, табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдер қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданыла бастады. Инвесторлар бұл технологияның Түркістан облысының климаттық және географиялық ерекшеліктеріне сай екенін де атап өтті.
Қазіргі таңда облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 700 шақырымды құрайды. Бұл көрсеткіш – Түркістанның еліміздегі көлік инфрақұрылымы кең дамыған өңірлердің бірі екенін көрсетеді. Биылғы жылы өңірде 202 нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы алғанда, 1 103,3 шақырым жол мен көше жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл – облыс тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба.
Осы тұрғыда жаңа технологияны енгізу – құрылыс жұмыстарының сапасын арттыруға, уақыт пен қаражатты үнемдеуге бағытталған маңызды шешім болмақ. Тиімділігі дәлелденген жағдайда «underbold» стабилизаторы облыстың басқа да аудандарында кеңінен қолданылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде өңірдегі жол желісінің сапалық деңгейін арттыруға оң ықпал етеді.
Кездесудің нәтижесінде тараптар пилоттық жобаны жүзеге асыру бойынша өзара келісімге келіп, нақты қадамдар белгіледі. Енді облыстың кейбір аудандарында тәжірибелік мақсатта осы стабилизаторды қолдану арқылы жол төсемдері салынады. Бұдан соң олардың сапасы, ауа райына бейімділігі мен беріктігі бірнеше ай бойы сынақтан өткізіліп, қорытындысы бойынша технологияны ауқымды қолдану мәселесі шешілетін болады.
Жалпы, Түркістан облысы әкімдігі халықаралық әріптестікті кеңейту, инновациялық шешімдерді тарту, сонымен бірге шетелдік инвестицияларды жол инфрақұрылымына тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағытта Германия сынды өнеркәсіптік дамыған мемлекетпен бірлескен жобалар жүзеге асырылуы – өңір үшін үлкен мүмкіндік. Мұндай серіктестік Түркістан облысының тек көлік қатынасы ғана емес, экономикалық және әлеуметтік дамуына да серпін беретіні сөзсіз.