
– Біздің алдымызда облыс тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту міндеті тұр. Өздеріңізбен бірлесіп, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жаңа 26 білім нысаны салынып, 337 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 55 жаңа денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. 30 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры жүргізіліп, қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Былтыр табиғи газға 53 елді мекен қосылды. Сонымен қатар 1000 шақырымнан астам жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағатты жағдайдағы жолдың үлесі 93,7 пайызға жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бюджет шығыстарын қайта қарау тапсырмасына сәйкес, облыстық бюджетке оңтайландыру жүргізілуде. Қаржы бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселелерге бағытталады. Ең алдымен біз халықты әлеуметтік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жүргіземіз. Биыл жаңа 20 мектептің құрылысын аяқтап, 41 мектепті реновациядан өткізуді жоспарлап отырмыз. Қосымша жаңа 32 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға тапсырылады. Орталықтандырылған ауыз суға қосылған елді мекен санын 801-ге жеткізу көзделуде. Табиғи газға қосымша 45 елді мекен қосылып, қамту деңгейін 75,3%-ға жеткіземіз. Бұдан бөлек, облыс экономикасының өсімін қамтамасыз ету мақсатында өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Индустриалды аймақтардың жұмысын жандандырып, санын көбейтеміз. Биыл мақта-тоқыма кластері аясында 4 зауытты іске қосу көзделуде. Шардара ауданында крахмал-сірне зауытының құрылысы аяқталады. Осы жұмыстар нәтижесінде 4,5 мыңнан астам өңір тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады. Бар мүмкіндікті пайдаланып, аймақтың экономикасын көтеруіміз керек. Осы бағытта бірлесіп, белсене жұмыс атқаруға шақырамын, – деді Нұралхан Көшеров.