«БОЛАШАҚҚА МҮМКІНДІК – ЖАҢА ӨМІР» ФОРУМЫ: ҚОҒАМҒА БЕЙІМДЕЛУ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ
Арыс қаласында «Болашаққа мүмкіндік – Жаңа өмір» атты форум өтті. Бұл жиынның басты мақсаты – сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасауын болдырмау және оларды қоғамға бейімдеу мәселелерін талқылау болды.
Форумға қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, Арыс қалалық полиция бөлімінің өкілдері, жастар, студенттер, ардагерлер және пробация есебіндегі азаматтар қатысты. Жиын арнайы дайындалған бейнероликпен басталып, кейін жастарды заң бұзудан сақтандыруға бағытталған сахналық қойылыммен жалғасты.
Қала әкімінің орынбасары Алмаз Советұлы форумның ашылуында сөз сөйлеп, жастарды құқықбұзушылықтан аулақ болуға және мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ, қателік жасаған азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жиын барысында Арыс АПБ бастығының орынбасары полиция майоры Мақсат Қарабаев, жастарды заң талаптарын қатаң сақтауға шақырса, Арыс қалалық пробация қызметі бөлімінің бастығы міндеттін атқарушы, әділет капитаны Елнұр Бекжігіт пробация есебінде тұрған азаматтарды қоғамға бейімдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар, «Бекзат ата» мешітінің имамы Қанат Садыбаев қала тұрғындары мен жастарын имандылыққа, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді құрметтеуге, діни экстремизмнің алдын алуға шақырып, рухани тәрбиенің маңыздылығын атап өтті.
Форумның маңыздылығы – қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру және жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу. Мұндай іс-шаралар қоғамда қылмыстың азаюына, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және ұлттық құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қосары анық.