Сарыағаш ауданындағы ірі қара 62272 басты құрады

360

2021 жылдың қорытындысымен аудандағы ірі қара малдың саны 62272 басты құраған, яғни 2020 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 6201 басқа артқан. Сондай-ақ, 2021 жылы жалпы 15035 тонна ет өнімдері және 52894 тонна сүт өнімдері өндірілді.


Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Оны асылдандыру, көбейту бағытында нәтижелі жұмыстар аз емес. Сондықтан ауданда ауыл шаруашылығын дамыту жолға қойылған.
Атап айтқанда, Жібек жолы ауылдық округі, Жібек жолы елді мекенінде орналасқан «Измир» ауылшаруашылығы кооперативі бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Мамедов Элгар басшылық жасап отырған ауылшаруашылығы кооперативі алғашқыда шет мемлекеттен 45 аналық бас ангус тұқымды ірі қара мал алып келген болса, бүгінгі таңда кооперативте 147 бас ангус тұқымды ірі қара мал өсірілуде. Қазіргі уақытта аналық бастар төлдеп, мал басы көбеюіне байланысты асыл тұқымды бұқаларын жергілікті шаруаларға сатып, басқа шаруа қожалықтағы ірі қара малдарды асылдандыруға септігін тигізіп отыр. Шаруашылық алдағы жылдары мал басын көбейтіп, бордақылау арқылы ет өнімдерін өңдеу орындарын ашуды жоспарлап отыр.


Ауданда мал басын көбейту, асылдандыру жұмыстары мемлекеттік бағдарламалар негізінде жүзеге асырылып отыр. Шаруа қожалықтары «Сыбаға» бағдарламасы бойынша субсидия алған. Соның нәтижесінде төрт түліктің өсімі артты. Жыл соңындағы көрсеткіш бойынша ет, сүт, жұмыртқа өнімін өндіру арта түсті.

(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Advertisements