Жетісайда заманауи жаңа стадион салынып жатыр

404
Аудан тұрғындары, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлының қолдауымен Жетісай ауданында бірқатар ілкімді істер атқарылуда.
Солардың бірі – Ынтымақ ауылдық округі, Өркенді елді мекенінде 2021 жылдың тамыз айында құрылысы басталған заманауи стадионның құрылыс жұмыстары.
Өткен жылы жұмысты бастаған мердігер «Kazakh The-Stroy» ЖШС 2022 жылы да жұмысты кестеге сай сапалы жүргізетін болады. Талапқа сай салынып отырған стадионда жүгіру жолы, көрермендерге арналған 500 орындық, жаттықтырушылар мен төрешілерге, медбикелерге арналған жеке кабинеттер, командаларға арналған киім ауыстыру мен жуыну бөлмелері, тіпті, салтанатты шараларды өткізуге арналған трибуна да қарастырылған.
Сонымен қатар, өткен жылдың соңғы күндерінде Жетісай қаласының Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионынан футбол алаңшасы қолданысқа берілді. Алты айда ашылған аумағы 0,29 гектарды құрайтын алаңның құрылыс жұмыстарына аудандық қазынадан 30 млн теңге қаралған. Аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға толықтай мүмкіндік беретін аталмыш алаңда бүгінде аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Жетісай спорт клубы» КММ жасөспірімдері оқу-жаттығу және шұғылдану жұмыстарын жүргізуде.
«Бүгінде ауданда орналасқан үш балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 1500-ден астам жасөспірім 16 спорттық үйірмелерге қатысады. Одан бөлек, өткен жылы Жетісай ауданы әкімінің қаулысымен құрылған «Жетісай спорт клубы» КММ спорттың 8 түрімен 42 ересек пен 632 балалар мен жасөспірімдер, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шахмат, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерімен шұғылдануда. Аталмыш клубта 18 жаттықтырушы мен елді мекендерде 13 спорт нұсқаушы жұмыс істеп келеді.
Ендігі кезекте қала, кент, ауылдық округ аумағынан заман талабына сай спорт алаңдары мен «Strit workaut» алаңшаларын салу жоспарымызда бар» дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Айта кетейік, өткен жылы 102 спорттық іс-шара ұйымдастырған бөлімнің спортшылары түрлі деңгейлердегі жарыстардан 407 алтын, 382 күміс және 521 қола медаль иеленген.
Ауданда бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде 60 мыңға жуық жетісайлық спортпен тұрақты түрде шұғылданушылардың қатарында. Бұл аудан тұрғындарының 34,5 пайызын құрайды.
Advertisements