АРЫСТА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ҚАЛАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ӨТТІ

277

Арыста 23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері арасында спартакиада өтті.

Жарысқа қатысушылар мини-футбол, арқан тарту, ләңгі, асық ату, үстел теннисі, дойбы, қол күресі сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.

Спартакиаданың ашылу салтанатында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Шаһар басшысы мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының жауапкершілігін сезініп, өз елінің патриоты болуға міндетті екенін айтып, қатысушыларды тартысты ойын көрсетуге шақырды.

Қоғам айнасы саналған мемлекеттік қызметкерлердің басын қосқан жарысқа қала әкімі аппараты және дербес бөлімдер мен ауылдық округтерден құрама командалар қатысты.

Бұқаралық спорт түрлері мен салауатты өмір салты қағидаларын дәріптеу іс-шараның басты мақсаты болып табылады дейді ұйымдастырушылар.

Бір сәт кеңседегі құжаттардан босап бар күшін спорт алаңына жұмсауға асыққан қатысушылар жарыстың көрігін қыздыра түсті.

Жарыс нәтижесінде жалпы есеп бойынша І орынды қала әкімінің орынбасары Ерғали Қуандық жетекшілік ететін сала мамандары жеңіп алды. Ал әкім орынбасары Алмаз Сұлтановтың жетекшілігіндегі бөлім мамандарынан құралған команда ІІ орынды қанжығасына байласа, қала әкімі аппараты ІІІ орынды еншіледі.

Барлық жеңімпаз командаларға қаржылай сертификаттар мен қала әкімінің арнайы кубогы табысталды.

Advertisements