АРЫСТА ПОЛИЦИЯ КҮНІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

267

Арыс қаласында  Қазақстан  Республикасының ішкі істер органдарының құрылғанына  30 жыл толуына арналған мерекелік шара өтті.

Қалалық мәдениет үйінде өткен шараға шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова, қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев, Арыс ауданының прокуроры Талғат Сейдуалиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмас Мырзахметов, сала қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.

Мерекелік бас қосуда қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тәртіп сақшыларын кәсіби  мерекемен құттықтап, ақ тілегін жолдады.

Шара аясында күндіз-түні қауіпсіздікті қадағалап, жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет етіп жүрген мамандар   марапатталып, төсбелгілер табысталды.

Салтанатты кеш қазақ эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты. Арыстың мақтанышы, Қазақстан мен Татарстанның халық әртісі, Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік сыйлығының иегері, әлемге әйгілі  сахналарда қазақ әнін әуелетіп, ұлтымыздың мерейін асырған әнші Нұржамал Үсенбаева «Арыс жағасында» әнін орындап көрерменнің қошеметіне бөленді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері өнер жұлдызы Сәкен Майғазиев, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері»  әнші Жұбаныш Жексенұлы мен Заттыбек Көпбосынұлы, Қазақ эстрадасының жұлдызы Еркін Нұржанов салтанатты жиынның сәнін кіргізді.

Шарада қазақ сатирасының жарқын жұлдызы саналатын «Шаншар» мен «Алдараспан» және «Шымкент шоу» театрының әртістері өнерін паш етіп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кешті арыстың мақтанышы Нұржамал Үсенбаева мен қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары полицейлер әнімен қорытындылады.

 

Advertisements