2025 жылға қарай республикада 500 МСАК нысаны салынады

278

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, өңір тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда министр Денсаулық сақтау министрлігінің өңірлермен бірігіп жүргізіп жатқан жұмысы және ҚР Президентінің денсаулық сақтау саласына қойған міндеттерінің орындалу барысы туралы баяндады.

«Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы, биологиялық қауіпсіздік туралы заң қабылданды. Пациенттердің құқықтарын қорғау және медициналық қызметкерлерді сақтандыру, олардың мәртебесін арттыру бойынша заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді министр.

Сонымен бірге, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жаңғырту, медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында туылудың оң динамикасы (5 %-ға өсім) байқалады (2020 ж. – 20,46; 2021 ж. – 21,54).

Сонымен қатар өткен жылда нәресте өлімі 2020 жылмен салыстырғанда 21%-ға төмендеді (2020 ж. – 9,43; 2021 ж. – 7,43). Оған қоса қатерлі ісік, жазатайым оқиғалар, уланулар мен алған жарақаттардан болатын өлім көрсеткіштері төмендеді.

Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын — алғашқы медициналық-санитариялық көмек, бұл халыққа көрсетілетін барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет.

Батыс Қазақстан облысында 365 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісі жұмыс істейді, бұл республиканың барлық алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының 6%-ы.

«2021 жылы Министрлік елдегі денсаулық сақтау объектілеріне инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 2025 жылға қарай 500 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы жоспарлануда», — деді А. Ғиният.

Батыс Қазақстан облысында «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында бюджеттен (республикалық бюджет – 42, жергілікті бюджет – 4) 2025 жылға дейін 46 амбулаторлық-поликлиникалық объекті ашу жоспарланып отыр.

А. Ғинияттың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау үшін оны барынша мобилді және халықтың қалың тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Халықтың өтініші бойынша амбулаториялық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілді, осының негізінде БҚО тұрғындары жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз консультациялық-диагностикалық қызметтер ала алады», — деп түсіндірді денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде зерттеп-қарауды және емдеуді жеделдету үшін «Жасыл жол» енгізілді, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және зерттеп-қаралады (зертханалық зерттеулер, УДЗ, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия).

Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қаржыландыру үлесін денсаулық сақтауды қаржыландырудың жалпы көлемінің 60%-ына дейін жеткізу бойынша жұмыс жалғасуда, ол биыл 55%-ды құрады.

«Біз қашықтан медицинаны дамытуға көп көңіл бөлеміз. Тек өткен жылдың өзінде қашықтан 6,5 млн қызмет, оның ішінде 1 млн астамы ауыл тұрғындарына көрсетілді», — деді министр.

Амбулаториялық хирургия одан әрі дамып жатыр, биыл көрсетілетін қызметтердің көлемін 1,7 есеге (нақты 2021 ж. – 146 835 қызмет, жоспар 2022 ж. – 252 708 қызмет) ұлғайту көзделген.

Сонымен бірге амбулаториялық оңалтудың III кезеңін дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Мектеп медицинасын жетілдіру шеңберінде жаңа стандарт енгізіледі, бұл оқушыларды профилактикалық қарап-тексеру тәсілдерін жүйелеуге және асқазан-ішек трактісі, тірек-қимыл аппараты, көру ауруларын және тағы басқа ауруларды ерте анықтауды күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, консультациялық-диагностикалық қызметтер 1,5 есе ұлғайтылады, бұл ауруларды ерте диагностикалаудың қолжетімділігін арттыруға және халықтың денсаулық сақтауға жеке шығыстарын төмендетуге мүмкіндік береді.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру мақсатында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін кеңейту мен қайта қарау жөніндегі жұмыс жалғасады.

Кездесу барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылдарда денсаулық сақтау мәселесіне жеке тоқталып өтті.

Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде 5 мың 397 медициналық ұйым (2895 – медпункт, 790 – фельдшерлік пункт, 1282 – амбулатория, 227 – емхана, 203 – аурухана) медициналық көмек көрсетеді.

2021 жылы республика бойынша 58 медициналық объект пайдалануға берілді, оны ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша – 2 МСАК объектісі (Бәйтерек ауданындағы Чинаерево медициналық пункті, Серебряков селосындағы дәрігерлік-амбулатория).

Батыс Қазақстан облысында ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарының жалпы саны – 372 (МСАК – 357, аурухана – 15).

«Батыс Қазақстан облысының атқарушы билік органдары ауылдағы медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі шараларды қабылдап, оларды материалдық-техникалық қамтамасыз етуге күш-жігер жұмсауы қажет», — деді министр.

Жетуі қиын ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендердің әлеуеті кеңінен пайдаланылады (2021 жылы 1,8 млн ауыл тұрғыны 149 жылжымалы медициналық кешенмен қамтылды).

Сондай-ақ, А. Ғинияттың айтуынша, Батыс Қазақстанда 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, олар 2022 жылдың І тоқсанында 69 ауылдық елді мекенге барған, 17 мыңға жуық адам кестеге сәйкес қамтылды. Биыл БҚО-ның 43,8 мың ауыл тұрғынын жылжымалы медициналық кешен арқылы профилактикалық қарап-тексерумен қамту жоспарда бар.

Сонымен қатар денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде, оның шеңберінде 50 адамға дейінгі елді мекендерді үйде қарап-тексеретін медицина қызметкерімен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде:

  • 50-ден 500 адамға дейін медициналық пункттер құру;
  • 500-ден 1500 адамға дейін фельдшерлік-акушерлік пункттер құру;
  • 1500-ден 5000 адамға дейін дәрігерлік амбулаториялар құру ұсынылуда.

«Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілер мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін арттыру үшін ауылдық медициналық ұйымдардың базасында дәріхана пункттерін құру жоспарланып отыр», — деді денсаулық сақтау министрі.

Ана мен бала денсаулығын сақтау медицина саласындағы ең өзекті әрі көкейтесті мәселе, сондықтан халықаралық құжаттарда да ұлттық құжаттарда да саяси мәні бар маңызды көрсеткіш ретінде белгіленген.

Батыс Қазақстан облысы бойынша 2020 ж. салыстырғанда босану жасындағы әйелдер (161 817), жүктілер (5 927) мен босану саны (4 237) және жаңа туылған сәбилер (4 393) саны төмендегені байқалады.

Батыс Қазақстан облысында жүкті және босанған әйелдерге 17 медициналық мекеме көмек көрсетеді (15 аудан, 2 облыс орталығында), акушер-гинекологтармен жасақталу 86,3%, неонатологтармен – 83,7% , реанимотологтармен 79,7%-ды құрайды.

«2020-2021 жылдары COVID-19 пандемиясының әлемнің көптеген елдерінде, сонымен қатар біздің елімізде де Үкімет пен денсаулық сақтау жүйесі үшін бұрын-соңды болмаған қиындықтар туғызғаны бәрімізге белгілі. Айта кетерлік жағдай, жалпы 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда жүкті әйелдердің арасында COVID-19 жұқтыру көрсеткіші 2,5 есеге артты, 26 050 жүкті әйел осы дертпен ауырды (2020 ж. – 10 529), ал БҚО бойынша 2021 ж. – 1 071 жүкті әйел COVID-19 жұқтырған, бұл 2020 жылға қарағанда 2,3 есеге артты (2020 ж. – 456)», — деп министр статистикалық деректермен бөлісті.

Елімізде реанимация бөлімшелеріне 2,4 есе көп жүкті әйел COVID-19 ауыр ағымымен жатқызылды, олардың ішінде өкпенің толық зақымдануы мен тыныс-жүрек жетіспеушілігі анықталған, 61 пациент экстракорпоралдық мембраналық оксигенацияға (ЭКMO), 500 жуық әйел жасанды өкпе вентиляция аппаратына қосылған.

Медицина қызметкерлерінің бірлесе қызмет көрсетуінің нәтижесінде 1 500 жуық өте ауыр халдегі әйелдің өмірі сақталып, аман-есен отбасына оралды.

Министрдің айтуынша, COVID-19-дан ана өлімінің көбеюі жүкті әйелдерге вакциналаудың кеш, 2021 жылғы 15 қарашадан басталуына байланысты. Себебі елімізге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған вакцина 2021 жылғы 12 қарашада жеткізілген.

Бүкіл әлемді жайлаған пандемия аясында елімізде ана өлімінің көрсеткіші 2021 жылы 100 мың тірі туған балаға шаққанда 44,7 құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,6%-ға өсті (2020 ж. – 36,5 100 мың тірі туғанға шаққанда). Ана өлімінің негізгі себебі коронавирус инфекциясы (70%) болды.

«Әрбір орын алған ана өлімі бойынша толық сараптау жұмыстары жүргізілді, жіберілген кемшіліктер мен ана өлімінің себебін анықтап, өңірлермен «Ана өлімін азайту бойынша шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабта» қаралып, талқыланып отырды», — деді министр.

Облыс бойынша 2021 ж. ана өлімі көрсеткіші 3,2 есе артып, 100 мың тірі туған балаға шаққанда 63,2 құрады. (2020 ж. – 20,2). Осы жылы да өңірде екі ана өлімі тіркеліп, 5 айдың нәтижесі бойынша көрсеткіш 100 мың тірі туған балаға шаққанда 41,0 құрады, екі жағдайда да акушерлік асқынулар басты себеп болып отыр. Министрлік тарапынан БҚО орын алған ана өлімін толық сараптап, өңірде жүкті және босанған әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бағалау мақсатында арнайы жасақталған топ жіберілген болатын.

«Екі күннен бері ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры өңірлердегі медицина қызметкерлеріне консультативтік-әдістемелік көмек көрсету мақсатында шалғайдағы елді мекендердегі медициналық ұйымдарды аралап, мониторинг жүргізіп жатыр», — деді А. Ғиният.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылып, 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Осы бағдарлама аясында Батыс Қазақстан облысында 2021 ж. 249 әйел ЭКҰ-ға жолдама алып, 124 әйел жүкті болып, 78 отбасы сәби сүю бақытына ие болды.

БҚО-да 376 мектеп, 101 шағын жинақты мектеп жұмыс істейді, мейіргерлермен қамту 80% (283 орта медициналық қызметкер) құрайды.

Оқушыларды профилактикалық тексерумен қамту 93,5% құрады, оның ішінде 13,1% ауру анықталды, диспансерлік есепке алғаш рет 25,3%-ы алынды.

«Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасымен облыста 16 мектеп қамтылған.

Облыста 2022 жылдың 4 айында өмірінің бірінші жылында 48 бала қайтыс болды, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінде (4 ай) қайтыс болғаннан 16 балаға көп. 2021 ж. – 32 бала). Облыс бойынша 2021 жылдың 4 айымен салыстырғанда нәресте өлім-жітімінің көрсеткіші 69,9%-ға артып, 12,4 (4 ай) құрады. 2021 ж. – 7,3), ҚР бойынша – 8,8.

Облыста нәресте өлімі себептерінің құрылымында перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар жетекші болып қалуда, 2 есе өсумен – 6,7 (4 ай). 2021 ж. – 3,4), екінші орынды 33,3% өсіммен туа біткен даму ақаулары – 2,8 (2021 ж. 4 ай – 2,1). 3-орында – 0,8% өсіммен жұқпалы аурулар – 0,8 (4 ай). 2021 ж. – 0 жағдай) және тыныс алу органдарының аурулары – 0,8 (2021 ж. 4 ай – 0,9). 4-орында – 2,5 есе өсіммен жазатайым оқиғалар – 0,5 (4 ай). 2021 ж. – 0,2).

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысында 18 жасқа дейінгі 2 866 мүгедек бала тіркелген.

Өңірде 2 оңалту орталығы жұмыс істейді. 2020 жылы ШЖҚ «Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы» МКК базасында 50 төсекке арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды.

Облыс бойынша қалпына келтіру емі мен оңалтудың 145 төсегі бар, оның ішінде 25-і ауылдық деңгейде. 2021 жылы 491 бала медициналық оңалту алды.

Сонымен қатар басым шешуді талап ететін бірқатар міндеттер бар, олар: шала туған балаларға көмек көрсету сапасын арттыру, балалардағы патологияларды ерте анықтауды қамтамасыз ету, перинаталдық орталықта туа пайда болатын ақауларды ерте анықтау мақсатында «Құрсақішілік ұрықты қорғау» орталығы ашылады, облыс көлемінде биыл жүктілерге медициналық қызмет көрсету үшін көпбейінді аурухана құрамында 1 перинаталдық көмектің үшінші деңгейдегі босандыру бөлімшесін ұйымдастыру, сәбилерге арналған бір «Қамқорлық» ерте араласу орталығы перинаталдық орталық базасында (Орал қ.) 1 ерте араласу орталығын ашу көзделіп отыр.

Бұған қоса, министрдің айтуынша, 2022 ж. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы аясында облыста 2 мектепті қамту жоспарлануда.

Бүгінгі таңда денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлердің қамтамасыз етілуі 76,4 мың штат бірлігін құрайды, оның ішінде 32,7 мыңы бейінді мамандар, ал Батыс Қазақстан облысында 9,4 мың штат бірлігі, оның ішінде 2,2 мыңы бейінді мамандар. Өңірде дәрігер кадрлардың тапшылығы 271 штат бірлігін құрайды.

2021 жылы еліміздің өңірлеріне медициналық жоғары оқу орындарының 2171 түлегі, Батыс Қазақстан облысына 69 түлек бөлінді, оның ішінде 51 интерн (жалпы тәжірбиелік дәрігер – 47, стоматолог – 4), резиденттер – 18 (акушерлік және гинекология – 2, анестезиология және реаниматология – 2, кардиология – 1, неврология – 1, педиатрия – 2, психиатрия – 1, отбасы медицинасы – 3, травматология және ортопедия – 3, урология және андрология – 1, реабилитация – 2).

Министрдің айтуынша, биыл медицина кадрларын даярлау үшін облыстық көпбейінді аурухана базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің клиникалық базасы ашылды. Республикада ауылға жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары көзделген. 2021 жылы 225 маман көтерме жәрдемақы алды, 183-і тұрғын үй алды, 92 маман басқа да әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Батыс Қазақстан облысында 8 маман көтерме жәрдемақы алды, 7 маманға жалға берілетін тұрғын үй төлемі берілді.

«Өткен жылы біз медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуді көздейтін заң жобасын әзірледік. Медицина қызметкерлерінің жалақысын экономика бойынша орташа жалақыға 2 есе көтеру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 561 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы тиісінше 250 мың теңгені құрайды», — деді министр.

Стационар: дәрігерлердің орташа жалақысы – 696 882 теңге.
МСАК: дәрігерлердің орташа жалақысы – 255 400 теңге, 285 401 теңге.

Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі облыс тұрғындарына 2022 жылы 190-ға артты. 2022 жылы 0,9 млрд теңге сомасына 396 қызмет көрсетілді, 2021 жылы – 0,6 млрд теңге сомасына ЖТМК 205 қызмет көрсетілген.

«Отандық денсаулық сақтаудың басым міндеттерінің бірі – халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету. Осы мақсатта «СҚ-Фармация» ЖШС Бірыңғай дистрибьюторы амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 173 млрд теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек сатып алды, бұл ретте өңірлерге сатып алынған дәрілік заттардың 45%-ы жеткізілді, ал стационар деңгейінде 165 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алынды, бұл ретте сатып алынған көлемнен өңірлерге 39%-ы жеткізілді», — деді денсаулық сақтау министрі А. Ғиният.

Батыс Қазақстан облысында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде 4,2 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттар сатып алынды, стационарлық көмек шеңберінде 4,3 млрд теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек сатып алынды.

Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарында, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтеріне, оларды медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілді.

Медициналық техникамен жабдықталу – 83,3%, тозу – 63%-ды құрады. Батыс Қазақстан облысы бойынша медициналық техникамен жабдықтау – 83,9%, тозу – 63%-ды құрады.

А. Ғинияттың айтуынша, орфандық аурулары бар балалар үшін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды шешу мақсатында амбулаториялық қамтамасыз ету тізбесіне 16,4 млрд теңге сомасына 25 жаңа дәріні енгізу жоспарлануда.

Осы іс-шараны іске асырудың арқасында әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланатын жұлын бұлшықетінің атрофиясы, эпилепсия және басқа да сирек кездесетін аурулары бар балалар үшін инновациялық дәрілік заттардың қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.

«Мемлекет басшысының 2022 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде біз «СҚ-Фармация» базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшуді жоспарлап отырмыз», — деді министр.

Сонымен қатар 2022 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бірыңғай дистрибуция жүйесі арқылы жергілікті қамтуы бар дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу үлесін 40%-ға дейін арттыру жоспарда бар.

Жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешу үшін мынадай шаралар: дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шығару бойынша кемінде 30 жаңа өндірісті іске қосу, оның ішінде Big Pharma (Roche, PFIZER және т. б.) тарта отырып, отандық фармацевтикалық өнімді халықаралық тану үшін Ұлттық реттеушіні (FDA) дамыту (Нұр-Сұлтан қаласындағы Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының жанынан зертхана салу), отандық фармацевтикалық өнімдердің сапасын арттыру, отандық фармацевтикалық өнімдердің сапасын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналысы процестерін (өтініш беруден бастап олардың айналымына дейін), дәрілік заттарды таңбалау мен оларды қадағалауды енгізу (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап) көзделген.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылған. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 15,8 млн адам тіркелген, бұл халықтың 82,5%-ын құрайды.

Бұл ретте, 3,4 млн адам әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Батыс Қазақстан облысы бойынша бұл сан 110,4 мың адамға (16,6%) жетеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында 2021 жылмен салыстырғанда медициналық қызметтерді қаржыландыру 4%-ға, оның ішінде:

  • профилактикалық медициналық қарап-тексерулер – 2 есе;
  • консультациялық-диагностикалық қызметтер – 1,5 есе;
  • стационарлық көмек – 1,2 есе;
  • жоғары технологиялық медициналық қызметтер – 2,2 есе ұлғайтылды.

Сондай-ақ КТ, МРТ және ПЭТ қымбат тұратын зерттеулер санының ұлғайғаны байқалады. Одан басқа, соңғы уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатының есебінен жаңа қымбат тұратын технологияларды қаржыландыру бойынша шаралар қабылданды.

Анықтама:

  • Гамма-пышақты қолданумен радиохирургиялық емдеу әдісі;
  • ретинобластома кезіндегі селективті интра-артериялық химиотерапия;
  • омыртқаның тері арқылы транспедикулярлық фиксациясы;
  • омыртқа денесінің транспедикулярлық пластикасы;
  • түзетуші тибиалдік остеотомия;
  • радиозотоптық диагностика қызметтердің 18 атауы бойынша.

Сондай-ақ А. Ғиният 2022 жылға алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті. Алдымен сақтандырылмаған халықты міндетті әлеуметтік медициандық сақтандыру жарналарын төлеудің баламалы тетігін енгізу арқылы медициналық сақтандырумен қамтуды кеңейту қажет.

2023 жылдан бастап медициналық қызметтердің сапасы мен сервисін арттыру, инвестицияларды ынталандыру мақсатында тарифті толтыру керек (негізгі құралдарды жаңартуға шығыстарды қосу).

2022 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге 67 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғы шығындардан 14 млрд теңгеге артық (КВИ бойынша шығыстарды есепке алмағанда).

«Мемлекет басшысы елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Эпидемиологиялық жағдайды күнделікті бағалау тұрақты негізде жалғасуда, бұл төсек қорын, КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеуге арналған қаражаттың көлемін, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды, жеке қорғаныс құралдарын сатып алуды болжауға мүмкіндік береді. Вакциналау мен ревакциналау инфекциядан жалғыз қорғаныс құралы болып қала бермек», — деді министр.

Халықты вакциналаумен барынша қамту үшін тиісті шаралар қабылданды. Бүгінгі күні вакциналауға жататын халық қатарынан 10,3 млн адам (81,5%) егілді.

Министрдің айтуынша, 2022 жылы денсаулық сақтау жүйесінің алдында мынадай бірқатар басым міндеттер тұр:

  • «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заңды іске асыру;
  • Денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау;
  • «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын іске асыру;
  • Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заңды қабылдау;
  • Қылмыстық-түзету жүйесінің медициналық қызметін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру жөніндегі заңды қабылдау.

«Өткен жылы Министрлік халық денсаулығын сақтаудың барлық бағыттары бойынша маңызды жұмыс жүргізді. Белгілі жетістіктермен қатар, тез арада шешуді талап ететін міндеттер де бар. Біз халыққа медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын тиімді шешімдерді дайындайтын бүкіл кәсіби және азаматтық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруіміз қажет», — деп түйіндеді А. Ғиният.

Advertisements