АРЫСТА ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ СПОРТТЫҚ ЖАРЫСТАР ӨТТІ

257
Құрбан айт – барша мұсылманның ұлық мейрамы. Орталық «Ысқақ» мешітінің ұйытқы болуымен «Әл-Фараби» алаңына жиналған қауым үшін мейрамға орай ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Бұл мереке – еліміздің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын, әр адамның жүрегіне ізгіліктің дәнін себеді. Құрбан айт мерекесін спорттық іс-шаралармен өткізуіміздің мақсаты, жастарды салауатты өмір салтына шақыру, бұхаралық спортты дамыту болмақ — деді Арыс қаласының бас имамы Қажымұқан Қазыбаев.
Бірі қатысып бақ сынаса, енді бірі көңілді де қызықты спартакиаданың куәсі болды. Бағдарламаға сәйкес жарысқа қатысуға ниет білдіргендер: қошқар көтеру, қол күресі мен арқан тарту сияқты спорт түрлерінен бақ сынады.
Атап айтқанда, сайыстардың ішіндегі ең қызықтысы – “Қошқар көтеру” бәсекесі болды. Нақтылай түссек, Азамат Мақұлбеков қошқарды 70 рет көтеріп, қанжығасын майласа, ал қозыны 43 рет көтерген Нуридин Нұрғали 10 жасқа дейінгі балалар арасында жеңімпаз атанды.
Арқан тарту сайысы да тамаша қызықтарға толы болды. Бұл жарыста «Бекзат ата» мешітінің жамағаты қарсыластарын түгелдей жеңіп, 30 мың теңге жеңіп алды. Ал білекті жігіттердің бәсекесі – қол күресінде Нұрсұлтан Сапаров қарсылас шақ келтірмей, тұғыр биігінен көрініп, 25 мың теңгелік сыйақыға иелік етті.
Сондай-ақ, қасиетті Құрбан айттың құрметіне арналған жарыста жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Advertisements