ЖАҚЫН КҮНДЕРІ АРЫСТА 6 ТҰРҒЫН АУДАНДА ГАЗ ҚОСЫЛАДЫ

207
Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың Мәдениет үйінде өткен жергілікті тұрғындармен кездесуде жақын күндері арыста 6 тұрғын ауданда газ қосылатынын мәлімдеді.
«Атап айтсам: «Онтам», «Тараз», «Көктем-1, 2», «Алатау», «Саяжай-2» мөлтекауданындағы тұрғын үйлер газ жүйесіне қосылады. Ал келер жылы қаламыздағы орталық қазандық газ жүйесіне ауысатырылатын болады. Жалпы, қазіргі кезде Арысты көгілдір отынмен қамту мәселесі бойынша жұмыстар қызу қолға алынуда. Сәтін салса, алдағы жылдары кезең-кезең бойынша толық газға қосу жоспарланған», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Сондай-ақ, жиында әскери бөлімдегі мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігі үшін пайдалануға берілетіні белгілі болды. Сол сияқты Ақдала, Дермене, Монтайтас, Қожатоғай, Жиделі, Байырқұм елді мекендерінде спорт зал салу мен Арыс қаласындағы «Жұлдыздар» аллеясын аббаттандыру, «Бірлік» монументін салу жоспарланғаны айтылды.
«Жалпы, қалаға 7, ал 5 ауылдық елді мекенге балалар ойын алаңшасын орнату ойда бар», – деді қала әкімі.
Айта кетейік, қалай әкімінің халықпен кездесуінен кейін азаматтардың жеке өтініші бойынша қабылдау шарасы өтті. Онда тұрғын үй мәселесі мен әлеуметтік көмек пен құқықтық кеңес беру жайындағы сұрақ, сауалдарға қала әкімі мен тиісті сала мамандары жауап беріп, талапқа сай түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Advertisements