АРЫСТАН ШЫҚҚАН БАТЫРЛАР — 1 ЖАЛҒЫЗ ӨЗІ 14 ЖАУДЫҢ КӨЗІН ЖОЙҒАН

63

Бейсен Сейітұлы Оңтаев 1922 жылы дүниеге келген. Ата-анасынан жастай жетім қалып, Арыс қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген ол, соғысқа дейін Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, Отырар, Мақтаарал аудандарында жер суландыру жүйесінде жұмыс істеді.

Кеңес әскері қатарына 1942 жылы қаңтарында шақырылып, Орталық майданның 65-армия 69-атқыштар дивизиясының 120-полкі құрамында соғысқа қатысқан.

Соғыс кезінде Бейсен Оңтаев Севск қаласын азат ету кезінде ерекше көзге түседі. Ол арнайы тапсырмамен жау шебіне өтіп, 3 неміс солдатының көзін жойып, 1 неміс офицерін құнды құжаттарымен тұтқынға түсіреді. 1943 жылы 15 қазанда Гомель облысының Лосев ауданында немістің артиллериялық-минометтік оғына қарамастан, Днепр өзенінің батыс жағалауына шығып, жеке шайқаста 14 жаудың көзін жояды. Осылайша плацдармды кеңейтіп, өз батальонының өзеннен тез өтуіне жағдай жасайды.

1943 жылы 30 қазанда Б.Оңтаевқа осы асқан ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумның Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстан кейін Шымкент педагогикалық институтын бітіріп, 30 жылға жуық мектеп директоры қызметінде болды. І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Туған ауылына, сонымен қатар орта мектепке Оңтаев есімі берілген.

Advertisements