ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ 44 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 34 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

1

Түркістан облысы елімізде ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік көрсеткішке ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Соның нәтижесінде облыс бүгінгі таңда республика бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі жөнінен алдыңғы қатарда келеді.

2024 жылдың қорытындысымен Түркістан облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 083,6 млрд теңгеге жетті. Бұл – өңір экономикасының аграрлық секторға сүйенетінін және ауыл шаруашылығында ауқымды өндірістік қуат қалыптасқанын көрсетеді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 690,5 млрд теңгеге, ал мал шаруашылығы 383,6 млрд теңгеге жетіп, саладағы серпінді дамуды айғақтады.

Жалпы өндіріс көлемінен бөлек, нақты өнім түрлері бойынша да өсім байқалады. Мәселен, былтырғы жылы 245,8 мың тонна ет, 447,1 мың тонна сүт, 251,1 мың дана жұмыртқа өндіріліп, бұл көрсеткіштер тиісінше 11,6%, 12,8%, және 1,7% өсім көрсеткен. Мұндай жетістіктер мал шаруашылығы бағытындағы мемлекеттік қолдаулар мен жаңа технологиялардың кеңінен енгізілуінің жемісі.

Бүгінде облыста 970,1 мың бас ірі қара, 430,7 мың жылқы, 4 318,6 мың қой, және 41 мың түйе тіркелген. Бұл – өңірдің мал шаруашылығы әлеуетінің жоғары екенін және азық-түлік қауіпсіздігіне тұрақты үлес қосып отырғанын дәлелдейді.

Саладағы маңызды нәтижелердің бірі – 44,6 млрд теңгеге жүзеге асырылған 34 инвестициялық жоба. Бұл жобалар ауыл шаруашылығына инвестиция тарту арқылы өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтқанда, 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылды.

Ауқымды жобалардың қатарында:

  • Бәйдібек ауданында – «Ernur-Корпорация» ЖШС-нің 5000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешені (2 млрд теңге);

  • Қазығұрт ауданында – «Қарқын-2030» ЖШС-нің жылына 25 мың бас мал соятын бекеті (1,1 млрд теңге);

  • Сайрам ауданында – «Nurym Group» ЖШС-нің жылына 46 мың тонна құрама жем өндіретін зауыты (2,3 млрд теңге);

  • Сауран ауданында – «Жасыл Аймақ» кооперативінің 5000 басқа арналған бордақылау кешені (3,5 млрд теңге);

  • Шардара ауданында – «VITA» ЖШС-нің жылына 136 тонна балық өнімін өндіретін кешені (1,5 млрд теңге).

Мұндай жобалар өңірдің ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашуда.

Сонымен қатар, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес егістікті әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде. Бұл шаралар агроөнеркәсіп кешенін климаттық өзгерістерге бейімдеуге, өнім сапасын жақсартуға және ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін зауыттар ашу, экспорт көлемін арттыру, және логистиканы дамыту жұмыстары жалғаса береді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығын кешенді дамытып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде алдыңғы шепте келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Advertisements