ТҮРКІСТАН: АРНАЙЫ ЖҰМЫСШЫ ТОП БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАДЫ
Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес арнайы жұмысшы топ құрылып, өңір кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдаулар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. Жұмыс тобының мақсаты — өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы балық шаруашылығын дамытып, халықты жұмыспен қамту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу.
Сала мамандары кәсіпкерлермен кездесті
Бүгін жұмысшы топ Сауран ауданы мен Кентау қаласына арнайы барып, балық шаруашылығымен айналысып жатқан және бұл салаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Іс-шараға бірнеше мекеменің өкілдері қатысты. Атап айтқанда:
-
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы;
-
Жер қатынастары басқармасы;
-
Жер ресурстарын басқару департаменті;
-
«Арал-Сырдария» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы;
-
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудан-қалалардағы филиал директорлары;
-
«Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының өкілдері;
-
«Шардара балық мектеп» ЖШС менеджерлері.
Кездесу барысында балық шаруашылығын жүргізу тәртібі, жер телімдерін рәсімдеу, су көздерін пайдалану ережелері, мемлекеттік қолдаулар мен субсидия түрлері туралы кең ауқымды ақпарат берілді.
Мемлекеттік қолдаулар мен мүмкіндіктер
Сала өкілдері кәсіпкерлерге балық шаруашылығын дамыту барысында қолдануға болатын түрлі мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндірді. Атап айтқанда, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарға жеңілдетілген несие алу, субсидия түрінде жем-шөпке, құрал-жабдыққа жұмсалатын шығынды өтеу, ғылыми-консультациялық қолдау көрсету секілді мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Түркістан» КҚКО мамандары кәсіпкерлерге құжат рәсімдеу, бизнес-жоспар әзірлеу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу бойынша кеңес беруге дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу соңында кәсіпкерлер мен шаруалар сала мамандарына өз сауалдарын қойып, көкейде жүрген көптеген сұрақтарға нақты әрі жан-жақты жауап алды. Бұл — облыстағы кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік, себебі көпшілігі балық шаруашылығының шарттары мен жеңілдіктері туралы толыққанды ақпараттан хабарсыз болған.
Жұмысшы топ барлық аудан-қалаларды аралайды
Айта кету керек, арнайы құрылған жұмысшы топ Түркістан облысына қарасты 17 аудан мен қаланы кезең-кезеңімен аралап, кәсіпкерлермен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Жұмыс тобының негізгі міндеті — өңірдегі балық шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтардың нақты мәселелерін анықтап, оларға қажетті ақпарат пен қолдау көрсету. Бұл бастама балық шаруашылығы саласындағы әкімшілік кедергілерді азайтуға, шаруалардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, облыстың су ресурстары мен климаттық жағдайы балық шаруашылығын қарқынды дамытуға толық мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта ішкі нарықты отандық балық өнімдерімен қамтуға әрі экспорттық әлеуетті арттыруға сеп болмақ.