ШЫМКЕНТТІҢ БАС ДӘРІГЕРІ ОҚУШЫЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ВАКЦИНА ТУРАЛЫ ҚАУЕСЕТКЕ СЕНБЕУГЕ ШАҚЫРДЫ

270

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов пен білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиеваның қатысуымен ақпараттық-коммунициялық орталығында балаларға салынатын вакцинация туралы брифинг өтті.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуынша, елімізде коронавирусқа қарсы салынып жатқан вакцинаның барлығы 18 жастан асқандарға арналған.

«Балаларға вакцина салынады екен деген қауесет халықты үрейлендіріп жатыр. Вакцинаның балаларға салынатынын растайтын ешқандай ресми құжат жоқ. Сондықтан мұндай аңыз ақпаратты таратуды доғару керек. Оның барлығы халықты алаңдату мақсатында жасалып жатыр деп ойлаймын. Ал ағымдағы жылдың 15-қыркүйегінен бастап елімізде тұмауға қарсы екпе салдыру жұмыстары басталды. Бұл вакцина тұрғылықты мекен-жайы бойынша келісім берген жағдайда қауіп қатер тобындағы азаматтарға тегін салынады. Барлық қала тұрғындарын «оқушыларға ковидке қарсы вакцина салынады» деген қаңқу сөздерге сенбеуге шақырамын»,-деді Б.Позилов.

Қаланың бас дәрігері Шымкентте эпидемиялогиялық жағдайдың тұрақталғандығын атап өтті. Бүгінде 1134 азамат стационарда ем қабылдауда. Төсек-орын толымдылығы 45% құрайды, 1366 төсек орны бос. Ал қала бойынша бүгінде I компонентпен 443 287 адамға, ІІ компонентпен 375 000 адамға вакцинациялау жасалды.
Өз кезінде білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева кез-келген вакцина ата-ананың рұқсатынсыз салынбайтынын және таралып жатқан ақпараттардың жалған екенін айтты.

Бүгінгі таңда қаладағы 203 мектепте 233 мыңнан аса оқушы оқиды. Барлық білім беру мекемелерінде санитарлық талап қатаң сақталған.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Advertisements