Г.ҚҰРМАНБЕКОВА: ТӘРТІП ПЕН ТАЗАЛЫҚ ӘРКІМНІҢ ӨЗІНЕН БАСТАЛУЫ ТИІС

56

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Арыс аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесу өткізді. Мұндағы негізгі мақсат – қордаланған мәселелерді талқылау, қала тазалығы мен ортақ меншікті бүлдірушілермен бірлесе күресу.

«Өздеріңізге белгілі, жыл сайын балалар ойын алаңдары мен спорт алаңшаларын салудамыз. Бірақ кейбір адамдар бүтін дүниені бүлдіруге құмар. Себебі, тұрғындар тарапынан түнгі уақытта ересек адамдар ішімдік ішіп, алаңшаны бүлдіріп кетеді деп шағымдануда. Мұндай жәйттер әсіресе көпқабатты тұрғын үй аулаларында жиі орын алады. Сондықтан, учаскелік полиция инспекторлары әсіресе түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті қатаң бақылауда ұстауы тиіс» – деді Гүлжан Мамытқызы.

Сондай-ақ, жиын барысында тазалық пен заңсыз көлік тасымалы да сын садағына ілінді.

– Белгіленбеген орындарға үлкен жүк көлікпен қоқыс төгу тиылмай тұр. Базар мен қоғамдық орын айналасындағы заңсыз тасымалдаудың алдын алу, жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау бойынша әкімдік пен полиция біріктірілген жұмыс жоспарын әзірлесе, алынбайтын қамал жоқ, – деді бұл турасында Гүлжан Мамытқызы.

Шаһар басшысы ортақ меншікті бүлдірушілермен күресті қоғам болып атқару қажеттігінде баса айтты. Жұмысты жеңілдету мақсатында қаладағы бірнеше жерге қосымша бейнебақылаулар да орнату қолға алынған.

«Өткен жылы бірқатар аялдамаларды заманауи талапқа сай жаңарттық. Скверлер мен саябақтарды да кезең-кезеңімен абаттандырудамыз. Бірақ, аялдама жақтауларын бүлдіру, саябақтағы ағаштарды сындыру деректері тоқтамай тұр. Қазіргі таңда, екі саябақ бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етілген. Биылғы жылы тағы екі саябаққа орнатамыз. Дегенмен, полиция өкілдері бұзушылық болған жағдайда дереу әрекет жасап, шара көруі керек»,- деп орынбасарлары мен полиция өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Арыс – ортақ қаламыз. Сондықтан белгіленген аймақтарға ұжым болып ауызбіршілікпен шығып, тәртіп орнату – бұл біздің перзенттік парызымыз. Біз қашанда үлкеніміз қайда жүрсе, сонда бағыт алған ұрпақпыз. Өздеріңіз бас болып, барлық жұмысты бірге істеуге атсалыссаңыздар», – деген Гүлжан Мамытқызы мәжілісті қорытындылады.

Advertisements