АРЫС: СЕНАТОРЛАР АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ АЯҚСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙТЫНДЫҚТАРЫН ЖЕТКІЗДІ
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатыбалдиев Арыс, Жетісай ауданына жасаған іссапарларын Қазыбек би ауылдық округіндегі Ә.Оспанов елді мекенінде 8 отбасыға арналып салынған арендалық үйлермен танысудан бастады.
Жалпы аумағы 548 шаршы метрді құрайтын бұл тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталып, қазан айында аяқталған. Құрылыс кезінде барлық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылып, қажетті су, жарық, кәріз жүйелері қосылған. Бүгінде аталған үйлер пайдалануға дайын күйде тұр. Жобаны қаржыландырған — жеке кәсіпкер Тұрсынхан Ахылбеков. Ол бұл нысанды жеке қаражаты есебінен тұрғызған. Құрылыс материалдарының сапасы мен жұмыстардың орындалу барысы жергілікті әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда болған.
Сенаторлар бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Асықата кентінде бой көтерген 900 орындық жаңа білім ошағына барды. Бұл мектеп үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында салынған. Мектеп аумағы — 3 гектар. Мұнда 50 сынып, 255 орындық асхана, кең әрі жарық кітапхана, арнайы оқу залы, еңбекке баулуға арналған шеберхана, акт залы мен медициналық пункт қарастырылған. Сонымен қатар мектепте қауіпсіздікке мән беріліп, 138 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Заманауи пәндік кабинеттер, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі және жаңа үлгідегі робототехника кабинеттерімен жабдықталған оқу орны барлық стандарттарға сай келеді. Сенаторлар білім ордасын толық аралап шығып, мектеп ұжымымен, ұстаздармен және ата-аналармен кездесті. Жергілікті тұрғындармен болған ашық әңгіме барысында жаңа мектептің жас ұрпаққа сапалы білім берудегі орны ерекше екендігі айтылды.
Депутаттар Түркістан облысына осындай 29 мектеп салынатынын, соның 6-ы Жетісай ауданына тиесілі болатынын жеткізді. Мұндай бастамалар ауыл мен аудан мектептерін жаңғыртып, ұстаздар мен оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Асықаталық тұрғындар өз кезегінде білім, медицина, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, нақты сұрақтарын қойды. Сенаторлар әрбір мәселе бойынша жеке-жеке жауап беріп, олардың ел игілігі үшін шешілу жолдарын қарастыратынын айтты.
Сапар барысында сенаторлар Жетісай қаласындағы «Б.Саттарханов» атындағы спорт кешеніне де барды. Мұнда қазіргі таңда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Жетісай спорт клубы» жұмыс істейді. Кешенде 61 топқа бөлінген 860 спортшы спорттың 7 түрімен тұрақты түрде айналысады. Ғимаратта түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған жаттығу залдары мен 150 орындық көрермен залы бар. Бұл кешен жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқарып отыр.
Іссапар соңында сенаторлар аудан тұрғындарының айтқан өтініштері мен көтерген өзекті мәселелерін мұқият тыңдап, алдағы уақытта парламенттік деңгейде көтеріп, шешілуіне ықпал ететіндерін жеткізді. Олар кез келген мәселе назардан тыс қалмайтынын, халықпен кері байланыс әрдайым басты орында тұратынын ерекше атап өтті.
Бүгінгі сапар халықпен билік арасындағы байланысты нығайтып, ел дамуына жаңа серпін беретін нақты істердің бастауы болды.