ТҮРКІСТАН: БАСЫМ БАҒЫТТАР – ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ, ӨНДІРІС, АГРОӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

4

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс әкімі аппаратының өкілдері, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өткізіп, өңірдің даму бағытын талқылады. Жиын барысында алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар мен негізгі стратегиялық басымдықтар нақты аталды. Өңір басшысы өз сөзінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін нақты және нәтижелі істерге көшетін кезең басталғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің экономикасын әртараптандыру, өндірісті дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Ішкі жалпы өнім көлемін арттыру, инвестициялық тартымдылықты күшейту, ауыл шаруашылығы саласын заманауи әдістермен дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл бағыттарда Түркістан облысы да артта қалмауы тиіс. Біз нақты нәтижеге жұмыс істеуіміз қажет. Ел Президенті мен Үкіметтің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан әрбір аудан мен қала әкімі, басқарма басшысы өзіне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, жұмысты жаңа қарқынмен жүргізуі керек, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысы еліміз бойынша демографиялық өсім, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салаларында алдыңғы қатарда. Осы қарқынды сақтап қалу және ары қарай дамыту үшін өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту маңызды. Әсіресе, сыртқы және отандық инвесторларға қолайлы жағдай жасау арқылы өңірге ірі кәсіпорындарды тарту көзделіп отыр. Бұл бағытта арнайы инвестициялық карта әзірленіп, әр аудан мен қала бойынша нақты жобалар белгіленген.

Сондай-ақ жиында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі де кеңінен сөз болды. Қазіргі жаһандық климаттық өзгерістерді ескере отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу, тамшылатып суару жүйесін кеңейту, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін азайтып, орнына құрғақшылыққа төзімді ауыл шаруашылығы өнімдерін егу – басты міндеттердің бірі ретінде аталды. Бұл тек экономикалық тиімділікке ғана емес, экологиялық тұрақтылыққа да оң әсер етеді. Ауыл шаруашылығы басқармасына бұл бағытта нақты жоспар жасап, жаңа технологияларды енгізу тапсырылды.

Инфрақұрылым – тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Сондықтан облыс әкімі инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, жолдардың сапасын арттыру, елді мекендерді газ, ауызсу және электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстарын қарқынды жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге, құрылыс нысандарының сапасы, мердігер ұйымдардың жауапкершілігі, мерзімді сақтау мәселелері де қатаң бақылауға алынатыны айтылды. Әкім бұл салада олқылықтарға жол берілмеуі керектігін ескертті.

Кеңесте әлеуметтік салаға да ерекше назар аударылды. Халықтың әл-ауқатын арттыру, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту – кезек күттірмейтін мәселелердің қатарында. Облыстағы барлық мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерін толық интернетпен қамту, цифрландыруды жетілдіру, кадр тапшылығын шешу жолдары қарастырылып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Кеңесте айтылғандай, Түркістан облысының барлық аудандарында даму стратегиясы әзірленіп, сол бойынша жұмыс жүргізілмек. Әрбір аудан мен қала басшысы өз өңіріндегі мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, халықпен кері байланысты нығайтуы тиіс. Әкімдердің халықпен тұрақты кездесу өткізуі, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруі – жергілікті басқарудың тиімділігіне тікелей әсер етеді. Облыс әкімі бұл бағытта ашықтық пен әділдікті ұстануды тапсырды.

Мәжіліс қорытындысында Нұралхан Көшеров барлық сала бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керектігін баса айтып, нәтижеге бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Тиісті басқармалар мен әкімдерге белгіленген мерзімде есеп тапсыру жүктелді. Бұл орайда мониторингтік жүйе арқылы барлық жобалар мен тапсырмалар бойынша орындалу деңгейі қадағаланып отырады.

Облыс әкімдігі тарапынан алдағы уақытта жаңа экономикалық бастамалар, инвестициялық форумдар мен жобаларды таныстыру алаңдары ұйымдастырылып, өңірдің әлеуеті барынша насихатталады. Бұл – ішкі нарықты дамытуға, жұмыссыздықты төмендетуге және халықтың тұрмысын жақсартуға оң ықпал ететін қадам болмақ.

Advertisements