ТҮРКІСТАНДА «АСАР» ДӘСТҮРІ АЯСЫНДА «НАУРЫЗ МЕЙІРІМІ» АКЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

272
Түркістанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында, ертеден келе жатқан «Асар» дәстүрі жаңғырды.
Бүгін Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйытқы болуымен «Асар» дәстүрі аясында «Наурыз мейірімі» акциясы ұйымдастырылды.
Акция аясында «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қаламыздың көнекөз тұрғыны, 103 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Немет Абдирасиловтың шаңырағына барды. Мекеме қызметкерлері қарияны Наурыз мерекесімен құттықтап, үйінің кіреберіс қақпасы мен газ құбырларының сырлау жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ өзге де шаруашылық жұмыстарына қолғабыс етті.
– Наурыз – мейірімділік пен қайырымдылық мерекесі. Осы мереке қарсаңында «Асар» дәстүрін жаңғырта отырып, «Наурыз мейірімі» жалпыұлттық акциясына қолдау білдіруді жөн санадық. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген халқымыз қашанда қарттарын құрметтеген. Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік. Алдағы уақытта да қайырымдылық шараларын үйлестіріп, ата дәстүрімізді жаңғыртуға қал-қадірімізше атсалысатын боламыз, — деді облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің бөлім басшысы Бақытжан Әшірбаев.
Ғасырмен құрдас Немет Абдирасилов ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Салауатты өмір салтын әлі күнге дейін ұстанады. Сөзі нық, қимылы ширақ. Қазір де үйге өзі кіріп-шығады. Қадірлі қария 5 ұл, 1 қыздан немере, шөбере, шөпшек сүйіп отыр.
Жас буынның кіршіксіз көңіліне ризашылығын білдірген ақсақал қонақтарына батасын беріп, жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады, «Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын» деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Advertisements