ШЫМКЕНТ: Емхана жанынан құрылған мобильді бригадалар күніне мыңнан аса шақыртуға барады

323

Шымкент қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік емхана жанынан құрылған мобильді бригадалар күніне мыңнан аса шақыртуға барады. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты амбулаториялық көмек көрсететін бригада мамандарына түсетін шақыртулар саны артып отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов мәлімдеді.
Басқарма басшысы қала әкімдігінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, тұрғындар сауалына жауап берді.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда 39 мемлекеттік және жекеменшік емханада 205 мобильді бригада жұмыс істеуде. Аталған бригада қызметкерлері Covid-19, пневмонияға шалдыққан, жіті респираторлық аурудың белгілері бар пациенттерге үйде амбулаториялық-емханалық көмек көрсетіп, ковидке күдікті пациенттерден жедел және ПТР-тестілеу алады.

– Қазіргі таңда 4 313 науқас емделіп жатыр, оның ішінде 2 551 науқас үй жағдайында амбулаторлық ем қабылдауда. Осы амбулаториялық ем қабылдап жатқандарға мобильді бригада қызметкерлері көмек көрсетуде. Қалада жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 13 521 науқас анықталған. Өкінішке қарай, 248 науқас қайтыс болған. Соңғы бір айда көз жұмғандардың саны күрт көбейген. Инфекциялық стационарда коронавируске шалдыққан 121 жүкті әйел емделуде. Қауіпті инфекция жұқтырған 6 жүкті әйелдің жағдайы ауыр, -деді Б. Позилов.

Айта кетейік, өткен тәулікте COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 418 жағдайы тіркелді. Қазір инфекциялық стационарлардағы жансақтау бөлімінде 171 науқас емделуде. Төсек-орын толымдылығы 64% құрайды.
Басқарма басшысы тікелей эфир барысында тұрғындардың сауалына жауап берді.

Advertisements