ШЫМКЕНТ: Зиялы қауым өкілдері тәуелсіздік табыстарын саралады

252

Шымкент қаласының Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шымкент қаласының басты жетістіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, жазушы, журналист, қоғам қайраткері Мархабат Байғұт, М.Әуезов атындағы ОҚУ проректоры Сәкен Мәжiнбеков, қалалық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева, сондай-ақ, БАҚ басшылары мен этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Басқосуда сөз алған Шыңғыс Жұмабекұлы Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы мемлекеттік құрылыстағы тарихи серпілісінің, әртараптандырылған нарықтық экономиканы құруда үшінші мегаполистің алар орны ерекше екенін жеткізді. Қала халқының 52 пайызы егемендік алған 30 жылдың ішінде дүниеге келгенін және шаһар тұрғындарының орташа жасы 28-ді құрағанын айтты.
Сондай-ақ, айтулы жылды шаһарда кең көлемде мерекелеу барысын атап өтті.
– Егемендік алғалы елімізде көптеген ауқымды жобалар атқарылып, соның жемісін көріп келеміз. Осы жетістіктердің ішінде Шымкент қаласы мен жұртшылығының алатын үлесі едәуір. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде қамту мақсатында басқармалар мен аудан әкімдіктерінен ұсыныстар жинақталып, әр айға арнайы атаулар берілген. Бұл ретте биыл бірінші жартыжылдықта қала бойынша Тәуелсіздігімізді ұлықтаған 175 іс-шара өткізілді. Оның ішінде республикалық 74 ауқымды іс-шараға 45 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табатыны сөзсіз, –деді Шыңғыс Мұқан.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Шымқалада атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді талқылады. Сонымен қатар, «Туған қала» атты бейнероликті тамашалады.

Advertisements