ШЫМКЕНТ: 1 сынып оқушыларына «Әліппе» табысталды

270

Білім күні үшінші мегаполисте барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Жаңа оқу жылында ұстаз бен мұғалім жүзбе-жүз қауышып, шат-шадыман күй кешті. Бұл күні Шымшаһарда жаңа оқу жылында 20 жаңа мектеп ел игілігіне берілді.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Тұран шағынауданындағы жаңадан салынған №79 жалпы орта мектептің ашылу салтанатына қатысты. Мерекеге арналған «Тәуелсіздік жетістіктері» жиынына қатысқан шаһар басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шымкент қаласында білім беру инфрақұрылымы қарқынды дамып жатқанын айтты. Мұрат Дүйсенбекұлы білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға жаңа оқу жылында табыс тіледі. Сонымен қатар мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған 1 сынып оқушыларына «Әліппені» табыстады.
– Биылғы жаңа оқу жылы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-түс келді. Тәуелсіздік жылдарында Шымкенттің білім саласы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Осыдан отыз жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болды. Ал биылғы жаңа оқу жылы 203 мектепте 233 879 оқушымен бастады. Өткен жылмен салыстырғанда 8 мың оқушыға көп. Оның ішінде 25 мың оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр, – деді қала әкімі.

Advertisements