ШЫМКЕНТ: Қаратау ауданындағы 12 мың тұрғын мемлекеттік электр қуатына қосылады

240

Бүгінгі таңда Қаратау ауданында 47 мыңнан астам тұрғын үй бар. Оның 80 пайызға жуығы мемлекеттік қуат көзіне қосылған. Ал, қалғаны жекеменшік трансформатордан қуат алады. Қазірде Қаратаудағы бірнеше шағын ауданда электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұл бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жайын қала әкімі Мұрат Әйтеновке қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Болатбеков таныстырып өтті.

Оның айтуынша, ауданда қуаттылығы 220 кВ «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылып, осы кешеннен қуат алатын «Нұрсәт», «Астана-1», «Астана-2» қосалқы станцияларының құрылыстары аяқталғанын және «1-М-1» қосалқы станциясы осы айдың соңында пайдалануға берілетінін жеткізді.

«Бозарық» қосалқы станциясы қаланың құрылысы қарқын алған солтүстік бөлігін электр қуатымен қамтамасыз етеді. Яғни, Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкентсити, Достық, Нұрсәт шағын аудандарының электр қуатының сапасы артады.

Қазіргі уақытта Достық тұрғын алабында 224 электр бағанасы орнатылып, 14 шақырым электр желісі тартылған. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы атқарылған. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары толығымен аяқталады. Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-мен әр үйге жеке есеп шот ашып, электр қуатына қосу жұмыстары жүргізілетін болады. Нәтижесінде Достық тұрғын алабындағы 234 отбасы сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Бұдан бөлек, Тұран мен Нұртас шағын аудандарында және Қайнарбұлақ тұрғын алабында сапалы электр жарығымен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай ақ, Асар-2 шағын ауданында электр бағаналары орнатылып, электр желісі тартылып қойған. Осы айдың соңында «1-М-1» қосалқы станциясы іске қосылғанда Асар-2 шағынауданы сапалы электрмен қамтылатын болады.

Осы аталған жұмыстардың барлығы толық аяқталған аудандағы 12 мың тұрғын мемлекеттік қуат көзіне қосылады.

Advertisements