Shymkent City шағынауданындағы көп қабатты үй кешендерінің құрылысы барысымен танысты

290

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Берік Оспанов пен Фахриддин Қаратаев Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапары барысында Shymkent City шағынауданындағы көп қабатты үй кешендерінің құрылысы барысымен танысты. Мұнда бүгінде «Damdes Құрылыс invest» ЖШС 10 қабатты 6 үйді салуда. Нысан инвестициялық жоба ретінде «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «Damdes Құрылыс invest» ЖШС арасындағы келісім-шарт негізінде жүзеге асырылуда. Ұзын-саны 420 пәтерлі бұл үйлер «Шаңырақ», «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылады деп жоспарлануда.

Жұмыс сапары барысында депутат Берік Серікұлы үй нысандарына мемлекет бюджетінен де қаржы қарастырылғандықтан, әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырмау қажеттігін баса атап өтті. Соның ішінде салынып жатқан 420 пәтердің арасынан тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға да баспана қарастырылу керегін айтып, алдағы уақытта бұл мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын нақты қолға алатынын жеткізді.
Ал мердігер мекеме басшысы құрылыс материалдарының күрт қымбаттауына байланысты үй бағасының өсуі мүмкін екенін ашық атап өтті. Мәжіліс депутаты Фахриддин Әбдінабиұлы құрылыс материалдарының басым көпшілігі отандық болғанына қарамастан, бүгінде баспана бағасының өсуіне алаңдаушылық білдіріп, Мәжіліс отырыстарында бұл мәселені көтеру арқылы нарықтағы бағаның тұрақсыздығын анықтайтынын алға тартты. Сондай-ақ, халыққа барынша қолайлы жағдай жасалу қажеттігін жеткізіп, көлік тұрағы мен ойын алаңшасының орналасу аймағын қайта қарастыру бойынша да ұсыныстарын білдірді.
Мәжіліс депутаттарының ұсыныстары Шымкент қаласының әкімі, «Nur Otan» партиясы филиалының төрағасы Мұрат Әйтеновтің назарына ұсынылып, жан-жақты талқылану жоспарланып отыр.

Advertisements