Шымкенттің бірінші дәрігері тұрғындарды екпе салдыруға шақырды

318

Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған науқастардың санының артуына байланысты қосымша инфекциялық төсек-орындар көбейтілді. Қауіпті инфекцияға шалдыққан науқастардың жағдайы ауыр болғандықтан өлім көрсеткіші артып отыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов баспасөз мәжілісінде мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясы жыл басынан бері 345 адамның өмірін жалмаған. Инфекция жұқтырып, көз жұмғандар вакцина салдырмаған.

– Қазір 2149 азамат инфекциялық стационарда ем қабылдауда.Төсек-орын толымдылығы 70 пайыздан асты. Біз науқастарды емдеу үшін қосымша орындар аша береміз. Алайда бұл вирусты жеңу тек медицина қызметкерлерінің қолында емес. Дәрігерлер ауруханаға түскен әр науқастың өмірі үшін соңына дейін күресуде. Бірақ ауыр жағдайда түскен науқастардың өмірін аман алып қалу қиын болуда. Өкініштісі сол, коронавирус жұқтырып көз жұмған науқастар вакцина туралы қауесеттерге сеніп, вакцина салдырмаған. Сондықтан тұрғындарды вакцина туралы жалған ақпаратқа сенбей, екпе салдыруға шақырамыз, – деді Б.Позилов.

Айта кетейік, қазіргі таңда коронавирус жұқтырған 5752 адам емделуде. Оның ішінде 2255-і стационарда, 3497-ы үйлерінде карантин режимінде медицина мамандарының бақылауында.

Advertisements