ШЫМКЕНТ: Тегін санаторлық-курорттық емделуге жолдама алуға 6000-нан астам өтініш қабылдаған

346

 

Бүгінде мүгедектік тобы бар ересектер мен балалар үшін тегін санаторлы-курорттық ем алу қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұл үшін өтінішті екі тәсілмен бере алады.

«Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері шипажайға онлайн жолдаманы қалай алатыны жөнінде толығырақ айтып берді.

Қазір бұл қызметті екі тәсілмен рәсімдеуге болады. Онлайн түрде EGov порталы арқылы жолдамаға өтініш беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
– ең алдымен порталға кіріп, іздеу жолы арқылы «Мүгедектерді және мүгедек-балаларды санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етуге құжаттарды ресімдеу» қызметін табу
– қызметке онлайн тапсырыс беру, керекті мәліметтерді толтыру
– өтінімді ЭЦҚ арқылы немесе смс арқылы келген құпиякод көмегімен қол қою.
Қызмет нәтижесін жеке кабинет арқылы тексеріп отыруға болады. Қызметті смс-паролінің көмегімен алу үшін міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркелу қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы береді.

Қызметті ХҚО арқылы рәсімдеу үшін өтініш берушінің өзімен бірге жеке куәлігі, мүгедектігін растайтын құжаттар, жеке оңалту бағдарламасы әзірленген іс-шаралар туралы жазба көшірмесі, егер заңды өкілі жүгінген болса, мүгедектігі бар азаматтан сенімхат тапсырылуы қажет.

– Мүгедектігі бар азаматтарға карантин кезінде ХҚО-ға барудың қажеті жоқ, eGov порталы арқылы өтініш беру жеткілікті. Қызмет нәтижесі туралы SMS хабарлама келеді. Сондай-ақ өтініш нәтижесі туралы ақпаратты жұмыспен қамту бөлімінің анықтама бөліміне қоңырау шалу арқылы білуге де болады», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаева.

Қызмет көрсету уақыты құжат тапсырған күнді есепке алмағанда – 10 жұмыс күні. Мүгедек азаматқа санаторлық-курорттық емдеу медициналық ұйымның шешімімен тағайындалады.

Жыл басынан бері Шымкенттегі халыққа қызмет көрсету орталықтары санаторлық-курорттық емделуге жолдама алуға 6000-нан астам өтініш қабылдаған.

Толығырақ мәлімет алу үшін 27-71-53 телефон нөміріне хабарласуға болады.

Advertisements