ШЫМКЕНТ: 4 ауданда кәсіптік оқыту бөлімдері қызмет көрсетуде

296

Шымкент қаласы әкімдігі жұмыспен қамту орталығының 4 ауданда орналасқан бөлімшелерінде кәсіптік оқыту бөлімдері қызмет көрсетуде. Аталған бөлім мамандары жұмыссыз жүрген тұрғындарға жол сілтеп, білім алуға көмек береді. Сондай-ақ оқуын тәмамдаған азаматтарға еңбек нарығының сұранысына сай бос жұмыс орнына орналасуға мүмкіндік береді.

Солардың бірі 25 жастағы қала тұрғыны Меруерт Билкасимова. Ол қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсын жүргізетін “GOLD” консалтинг мекемесінде «бақылаушы-кассир» мамандығын игеруде. Қазіргі уақытта бұл мекеме 75 азаматқа тегін білім беруде.

– Мен ұзақ уақыт бойы жұмыссыз, үйде бала тәрбиелеумен отырған болатынмын. Енді, биыл кәсіптік оқу курстарының бар екендігін біліп, қатысып көруді жөн көрдім. Қолыма куәлікті алған соң, өз кәсібімді ашсам деген ниетім бар,-деді Меруерт Билкасимова.

Айта кетейік, Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының І бағыты шеңберінде биыл 3 айлық кәсіптік оқыту курстарына 2500 азамат жолданды. Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның шешімімен олар 29 білім беру ұйымдарында оқу-курстарынан өтуде. Еңбек нарығының сұранысына сәйкес 30-дан астам қажетті мамандықтар бойынша 3 ай мерзімге оқытылатындығы бекітілген. Қатысушыларға ай сайын 17 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады және қорытындысы бойынша арнайы сертификат беріледі.

Advertisements