Шымкентте 5 мыңға жуық азамат несиелік тұрғын үймен қамтылады

273

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз брифингі барысында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, Шымкентте биыл жоспар бойынша пайдалануға берілетін кредиттік тұрғын үйлер саны – 60  (3 824  пәтер). Аталған үйлерді келесідей бағыттар бойынша сату жоспарлануда: «Шаңырақ 5-10-20» бағыты бойынша  27 үй, 1728 пәтер; «5-20-25» бағыты бойынша 18 үй, 1088 пәтер; «7-20-25» бағыты бойынша 15 үй, 1008 пәтер.

Бұдан бөлек, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша өңірлер шеңберінде бөлінген лимитке сәйкес 589 азамат екінші нарықтан «Отбасы банк» арқылы  несие рәсімдеп пәтермен қамту  жоспарда. Сонымен жоспар бойынша 4413 азаматты несие негізінде пәтермен қамту көзделген.

Ал ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылуда.

Қазіргі таңда Шымкентте жеке салушылар есебінен 8639 пәтерлі 178 көпқабатты тұрғын үй, бюджет есебінен 5912 пәтерлі 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстары алғашқы 5 айда 28 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 115,3 пайызға өскен.

Advertisements