ШЫМКЕНТ: Екі тоқыма кәсіпорны арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алды

243

Шымкент қаласының Кәсіпкерлер Палатасы соңғы екі жыл бойы түрлі деңгейлерде бірнеше рет арнайы экономикалық аймақ аумағын кеңейту мәселесін көтерді. Алғаш рет тоқымашылар екі жыл бұрын Өңірлік палатаға біздікіне ұқсас, бірақ өзіндік құны бойынша арзан өнім шығаратын өзбекстандық өндірушілермен бәсекелесе алмайтындықтарын айтып шағымданған болатын.

Бұл мәселе «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевпен өткен кеңесте көтерілді.

«Шымкент елімізде жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру бойынша жетекші орын алады. Бізде еліміздің барлық жеңіл өнеркәсіп өнімінің 25%-ы өндіріледі. Шымкентте жұмыс істеп тұрған 328 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорнында 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде Шымкентте мақтаны өңдей алатын 4 тоқыма кәсіпорны бар: «ТПК «Alliance» (бұрынғы «Ютекс» АҚ, «Меланж» АҚ), «AZALA Textile», «AZALA Cotton» ЖШС. Олардың біреуі ғана «Оңтүстік» АЭА-ның аумағында орналасып, ерекше салық режимін қолдануда («AZALA Cotton» ЖШС).

Сонымен қатар, Шымкент маталардан фурнитураға дейінгі дайын өнімді өндірудің толық циклі бар жеңіл өнеркәсіптің кластері болып табылады. Осы кластерді дамыта отырып, біз көршілес Өзбекстанмен бәсекеге түсе аламыз. Осыған байланысты АЭА тыс орналасқан екі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына АЭА мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», — деп атап өтті «Azala Group» ЖШС директоры Берік Қадыралиев.

«Атамекен» ҚР ҰКП салалық министрліктер алдында мәселені көтеріп, ҚР Үкіметі басшысының тапсырмасынан кейін қаулы жобасы барлық орталық мемлекеттік органдармен келісілді.

Advertisements