Үшінші мегаполисте көкөніс-бақша дақылдарының көшеттерін өсіретін машина құрастыру жобасы қолға алынбақ

206

Үшінші мегаполисте көкөніс-бақша дақылдарының көшеттерін жабық және ашық топырақта отырғызатын отандық Рпм-2kz үлгісіндегі машина құрастыру жобасы қолға алынбақ. Шаһардың агросаласында жаңа техникалар және бақша өнімдерін егуде жаңа технологияларды енгізудегі жаңалықтармен қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандары бөліскен болатын.

Қаламыздағы «Karlskrona fd lc» ЖШС зауытында көкөніс-бақша дақылдарының көшеттерін жабық және ашық топырақта отырғызатын Рпм-2kz үлгісіндегі машина құрастырылады. Аталмыш жобаның мақсаты – Шымкентте агроөндірістік кешенді дамыту үшін көшет отырғызу машинасының өнеркәсіптік және шағын сериялы өндірісін іске асыру, – деді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров.
– Осы техника арқылы келешекте көкөніс-бақша дақылдарының егіс көлемі мен түсімділігі артады деп болжанып отыр. Сонымен қатар жалдамалы жұмысшылар саны мен уақыт үнемделіп, шығын көлемі азаяды. Бұл жобаның тағы бір ерекшелігі көкөніс-бақша шаруашылығында еңбек өнімділігін 2,5-3 есе арттыруға мүмкіндік туады. Бұған қосымша егіс алаңы да 2-3 есеге ұлғаяды. Яғни 2,5 мың гектардан 4-5 мың гектарға дейін артады, – дейді Әбунасыр Шарифуллаұлы.
Басқарма берген мәліметке сүйенсек, мегаполис жасыл белдеуінің сұр топырақтарында сәбіз өсірудің тарақты технологиясын енгізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

Advertisements