Елімізде КВИ жұқтырғандар саны азайып, індеттің беті қайтқаны байқалады

167

Елімізде КВИ жұқтырғандар саны азайып, індеттің беті қайтқаны байқалады. Деседе әлем ғалымдары індеттің төртінші толқыны күз айларында басталып кетуі ғажап емес деп болжады. Бұған адамдардың жаппай еңбек демалысынан оралуы және студенттер мен оқушылар үшін жаңа оқу жылының басталуы басты себеп болатыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен көп нәрсе поствакциналық иммунитет қай деңгейде қалыптасып, адамдардың сақтық шараларын қаншалықты сақтайтынына байланысты болғалы тұр.

Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте шаһардың бас ұстазы Жанат Тәжиева мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады. Жауапты мамандар білім беру мекемелерінде санитарлық талаптардың қалай сақталуы қажет екеніне тоқталды.

Баспасөз мәжілісінде сөз алған Жанат Арысбекқызы жаңа оқу жылының басталуы жайында сөз қозғады.
– Қаладағы барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын. Мәселен, оқулықтар мен көркем әдебиеттер білім ошақтарына 100% жеткізілді. Ал бейнебақылау жүйесі мен турникеттер толық орнатылды. Бұл ретте оқушылар жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастайды. Бірақ мектеп формасы міндеттелмейді, классикалық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуге рұқсат. Ал 30 мың теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек алған отбасылар (57 466 бала) мектеп формасын алуға міндетті. 1 қыркүйек күні білім табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге ғана салтанатты жиын өтеді. Қалған сынып оқушыларына санитарлық талаптарды сақтай отырып сынып сағаты болады, – деді Ж.Тәжиева.

Advertisements