Шымкентте 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүйелі жүзеге асырылуда

282

Шымкентте жуырда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы басталды. Жоба шартына сәйкес жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жоғарғы оқу орны немесе колледж түлегін 2 жылға жұмысқа орналастыру туралы шарт жасасады. Экологиялық үстемеақы төлемін қоспағанда жергілікті бюджеттен субсидиялаудың бір айдағы мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке тең. Жұмыс беруші жұмыс көлемі мен күрделілігіне қарай қажетінше өз қаражаты есебінен қосымша үстемеақы белгілейді. Еңбекақының алғашқы біржылдық бөлігін мемлекет  субсидиялайды. Қазіргі таңда 50-ге жуық жас бағдарлама аясында қала аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарда жұмысқа орналастырылды.

Жалпы, Шымкентте 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жүйелі жүзеге асырылуда. Ресми мәліметтерден тұрақты жұмысқа орналасушылар қатарының артқанын байқаймыз. Шағын несие алып, кәсібін өрге домалатамын деушілерге де қолбайлау жоқ. Мемлекет тұрғындарды нәтижелі жұмысқа тартуға, олардың жеке іс бастауына немесе жаңа мамандық игеріп, екі қолға бір күрек табуына барынша жағдай жасауда. Мысалы, электронды еңбек биржасының қолданысқа енгізілуі жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты жеңілдете түсті. Жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтарының көмегінсіз-ақ enbek.kz порталына кіру арқылы кадр таңдай алады. Ал жұмыс іздеушілер порталға тегін тіркеледі. Сайттан еліміздің кез келген өңіріндегі, қаласындағы, бос жұмыс орнын көруге болады. Бір сөзбен айтқанда, бұрын айлап іздейтін жұмыс орнын енді екі апта ішінде табуға мүмкіндік бар.

Advertisements