ШЫМКЕНТ: ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ БАҚЫЛАУДА

262


”Nur Otan” партиясының жанындағы білім және ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұлдыз Досбергенқызының іс сапары «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы бойынша білім саласында атқарылған ауқымды жобаларымен танысуға жалғасты.

Шымкент қаласы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін әзірленген Жол картасындағы 149 кешенді іс-шараның қатарында үш ауысымды мектеп мәселесін түпкілікті шешу көзделген. Осы мақсатта қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан «Тұран» шағын ауданында биыл 1200 орынға лайықталған мектеп пайдалануға берілген. Қазіргі таңда аталған ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Яғни, алдағы уақытта ондағы тұрғындар саны арта түсетіні белгілі. Соған сәйкес келер жылы мектептегі оқушылар саны 2 мыңға дейін жетеді деген болжам бар.

Аталған білім ұясына арнайы барған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ондағы оқу процесін бақылап, жаңа оқу ғимаратының заман талабына сай жарақтандырылғанын атап өтті. Сонымен қатар ол, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.
Айта кетейік, биыл қалада 5 үш ауысымды мектептің мәселесі оң шешіліп, олардың саны 14-тен 9-ға азаяды.

Advertisements