ШЫМКЕНТ: «Тәуелсіздік сабақтары» іс-шарасына 3000-ға жуық оқушы қатысты

301

Бүгін еліміз бойынша ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жасампаздық пен даму жолдары» тақырыбында Тәуелсіздік сабақтары өтті. Ашық сабақтың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың мемлекетіміздің дамуына тікелей қатысып, өз үлесін қосуға тәрбиелеу және Тәуелсіз Қазақстанның даму аспектілерін талдау.

Білім саласында алғаш рет қашықтан өткізілген мұндай ауқымды екікүндік шараны Тарих ӘБ мұғалімдері ұйымдастыруда.

Ашық сабаққа Шымкент қаласы мен Созақ, Келес, Сарыағаш, Арыс және Мақтаарал аудандарынан жетекші 60 мектебі, яғни 3000-нан аса оқушы қатысты. Іс-шараны тарих пәнінің мұғалім-сарапшысы Данияр Байтуреев жүргізді.

– 30 жылда Қазақстан сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанып, өзіндік «Қазақстандық модель» қалыптастырды. Еліміздің келешегі алдында үлкен жауапкершілікті сезініп, болашақ ұрпаққа аманатпен үндеу жолдадық. Оқушы шәкірттеріміз жалынды демократ та саяси партократ емес, іс-әрекетке дайын «технократ» болуға сөз берді, – деді өз сөзінде Данияр Шәріпбекұлы.

Сабақ барысында еліміздің 30 жыл ішіндегі белестері мен жетістіктері, алдағы 30 жылға арналған даму жолдары талқыланды. 12 «В» сыныбының оқушысы Рамазан Нәлібектің сөзінше, сабақ мазмұнды әрі қызықты өткен.

– Сабақ аясында 1991 жылдан бастап еліміздің жеткен жетістіктерің атап, басқа мемлекеттердің мысалында талдау жұмыстарын жүргіздік, -деді Рамазан.

Іс-шара қонағы болған Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов шәкірттердің білімі мен өнеріне жоғары баға беріп, оқушылардың бойында патриоттық сезімнің болуы аса маңызды екендігін атап өтті.

Advertisements