Шымкенттегі электр жүйелерінде апатты өшулер азаяды

226

Шымкент қаласында алдағы уақытта электр жүйелерінде себепсіз  апатты өшулер мәселесі шешіледі. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтып өтті.

Әкімнің айтуынша, қаладағы жарықтың сөну себебін анықтау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылып, зерттеу жұмыстарын жүргізген екен. Нәтижесінде, өшулердің басым бөлігі жекеменшік желілер тартылған елді мекендерде орын алып жатқаны анықталған.

«Жекеменшік желілер арқылы электр қуатын алатын 16 елді мекенде жаңа электр желілерін тарту жұмысы басталған. Ол 2022 жылға дейін жүргізіледі. Сонымен қатар осы жылы электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге, күтіп ұстауға қала бюджетінен 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін электр жүйелерінде себепсіз апатты өшулер азаяды» — деп атап өткен қала әкімі өз сұхбатында.

Бұдан бөлек, шілде айында қосалқы стансаның құрылысы аяқталып,  Асар-2 елді мекенін тұрақты электр көзіне қосу жұмыстары 1 тамызға дейін толық аяқталады деп күтілуде. Жобаға сәйкес 2 765 тұрғын үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Ал, алдағы айдың басында қала дамуы үшін аса маңызды жоба – Бозарық қосалқы стансасының құрылысы аяқталады.

 

 

Advertisements