БИЫЛ АШЫЛҒАН МЕКТЕПТЕР ЦИКЛІ: «ALI-T» АҒЫЛШЫН БАСТАУЫШ МЕКТЕБІ

427


Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға дейін салынатын мектеп санын мыңға жеткізуді міндеттеп, мектептерді салуға мемлекеттік бюджеттермен қатар жеке секторды да тартуды тапсырған болатын. Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыс қарқын алып, үшауысымды мектеп мәселесін шешуде жекеменшік мектептердің де әсері бар.

Жан басына қаржыландыру арқылы ҚР білім беру стандартына сәйкес жұмыс жүргізуді бастаған білім мекемесінің бірі – «Ali-T» ағылшын бастауыш мектебі. 160 орынға шақталған мектепте қазір 154 бала білім алуда.

Бастауыш мектепте бекітілген білім стандартына сай 1-4 сынып оқушылары ақысыз оқиды. Ата-аналардың ыңғайы бойынша ұзартылған күн тобы ақылы жүргізіледі.

–Негізгі бағытымыз ағылшын тілін тереңдетіліп оқытатын болғандықтан ұзартылған күн тобында ағылшын тілі, дүниетану және денешынықтыру сабақтары қаралып, шет тілінде білім алады. Бүлдіршіндер түске дейінгі бөлімде тегін оқыса, олардың үш мезгіл тамағы мен қосымша тереңдетілген пәндер ақылы болады. Әрине, бұл ата-аналардың ыңғайына қарай амалға асады, -дейді «Ali-T» бастауыш мектебінің құрылтайшысы Айман Бердімбетова.

Айта кетсек, мектеп компьютер мен моноблоктармен, интерактивті тақта, мультимедиалық сыныптармен жабдықталған. Арнайы медициналық қызмет көрсету кабинеті де бар. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейне бақылау жүйелері орнатылған. Мектепте шығармашылық топтар мен үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, таэквондо, батуттық акробатика, көркем гимнастика, шахмат, би өнері, көркем сурет т.б. үйірмелерде бала өзін-өзі дамытуға мүкіндік алады.

Advertisements