МҰРАТ ӘЙТЕНОВ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚАРТТАР КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

353


1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Осыған орай Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаевпен бірге ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады.

Бар ғұмырын қажырлы еңбек пен елінің өсіп-өркендеуіне арнаған қарттарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етті.

Қала басшысы құттықтауын тыл ардагері Болысбек Әлімбекұлының шаңырағынан бастады. Қариямен әңгімелескен Мұрат Әйтенов ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.

Ардагер «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 70, 75 жыл» мерекелік медальдарымен, «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін» және «Әлемнің мейірімді адамы» төсбелгілерімен марапатталған.

Құттықтау легі Шымкент қаласының құрметті азаматы, ҚР Білім беру ісінің үздігі Клара Әліпованың отбасында жалғасты. Еңбек ардагерін мерейлі мерекемен құттықтай келген қала басшысы Клара Төлендіқызына зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасына бақ пен береке тіледі.

Әліпова Клара Төлендіқызы – 1937 жылы 3 маусымда Алматы қаласында қызметкердің отбасында дүниеге келген. «Бауырмал» сыйлығының иегері, ОҚО Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасына айрықша еңбегі үшін зейнетақысын алатын дербес зейнеткер.

Өз кезегінде қазыналы қарттар да ризашылықтарын жеткізіп, баршаға бейбіт те берекелі өмір тіледі.

Advertisements