БАСПАНАЛЫ БОЛУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ – ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ

380


Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғындарды жеке мәселесі бойынша онлайн қабылдау өткізіп, баспана мәселесіне қатысты сұрақтарына жауап берді.

Шымкентте қазір баспана кезегіне түрлі санаттар бойынша 46 426 азамат тіркелген. Жыл сайын кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер белгіленген тәртіппен үлестіріліп келеді. Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қаралған. Ал, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелік бағыттағы тұрғын үй ұсынылып отыр.

Е.Білісбеков әр тұрғынның өтініш-талаптарын мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Бүгінде баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдау ретінде биыл жергілікті бюджет есебінен тұрғын үй серитификатына 500 млн. теңге қаралған. Тұрғын үйді несиелік бағытта алуға ниет білдірген азаматтар үшін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаға 1 миллион теңгеден берілуде.

Бүгінге дейін 132 азамат тұрғын үй сертификатын алып үлгерген. Өтінімдерді қабылдау 1 қазаннан бастап қайта іске қосылады. Сондай-ақ, құжаттарды онлайн қабылдау «www.kezekte.kz» сайты арқылы жүзеге асырылады.

Ай сайынғы ақысы төленетін жалдамалы пәтерге қарағанда несиеге алынған баспана азаматтың өз мүлкі болатындығын атап өту қажет. Қаладағы тұрғын үй басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері «Отбасы банк» арқылы кредиттік тұрғын үймен («5-20-25»бағыты бойынша) 729 азамат қамтылса, оның 261-і үй кезегінде тіркелгендер.

Айта кетсек, жыл басынан «7-20-25» бағдарламасы негізінде 1 362 азамат екінші деңгейлі банк арқылы несие рәсімдеп, тұрғын үй сатып алған. Сонымен бірге, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 158 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Ал жыл соңына дейін 7-20-25, 5-10-20 (Шаңырақ), 5-20-25, 2-10-20 (Бақытты отбасы) жеңілдетілген кредиттік тұрғын үйлермен – 4 413 отбасыны қамту жоспарланып отыр.

Advertisements