ШЫМКЕНТ: Тағы бір тұрғын мемлекеттің қолдауымен жеке кәсібін ашты

276

Мемлекеттің қолдауымен өз ісін бастап, кәсібін жүргізіп жатқан жерлестеріміз аз емес. Тың идеясын ұсынып, бизнес-жоспарын қорғаған жандарға 200 айлық-есептік көрсеткіш көлемінде грант беріледі. Ол нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Осындай қолдау шараларының шарапатын көрген жанның бірі – Шымкент қаласының тұрғыны Гүлнұр Сейітханова. Көп балалы ана саз-балшықтан қыш құмыралар жасайды. «Бастау бизнес» жобасы аясында 21 күндік оқу курсына қатысып, сертификатымен ерекше бизнес-жоспарына грант алған жерлесіміз 2020 жылдың соңында 555 650 теңге көлемінде грантқа ие болған. Айтуға оңай болып көрінгенімен, «грантты ұтып алудың өз қиындығы болды», — дейді кейіпкеріміз.
– Біздің оқуымыз пандемия күшейіп тұрған кезге тура келді. Сабақтың барлығы онлайн өтті. Оның үстіне, менікіне ұқсас жоба кең таралмаған. Оқытушылар «нарықтағы өз бәсекелестеріңізді зерттеп, өз жоспарыңызды жақсартыңыз» деген кезде зерделейтін ешкімді таппадым. Дайын бизнес-жоспарлардың үлгісі де болмады. Сондықтан, өз идеямды расында да қорғап, тер төгіп, грантқа еңбекпен қол жеткіздім деп айта аламын, – дейді Гүлнұр Сейітханқызы.
Қаржыға қол жеткізген соң шебер дереу шетелден қажет құрылғыларға тапсырыс береді. Дегенмен, карантин шектеулеріне байланысты заттары кешіккесін жұбайы Қазақстаннан іздеп жүріп қажет құрылғылар тауып беріпті. Негізгі құрал-саймандары келгенше солармен жұмыс істеуге тура келген.
Былтырдан бері кәсібін бастаған Гүлнұрдың басқа жандардан бір өзгешелігі – балалар терапиясымен де айналысқан. Нақты айтқанда Шымкеттегі мүмкіндігі шектеулі балаларға оңалту орталығында жарты жылдай арт-терапия жүргізеді. Шебердің бұл бағытты таңдауының өз себебі бар.

Advertisements