ШЫМКЕНТ: ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ АРҚЫЛЫ 2500-ДЕН АСТАМ АЗАМАТ УАҚЫТША ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

312

Шымкент қаласында «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты – жастар практикасы азаматтардың жұмыс табуына септігін тигізуде. Жастар практикасы түлектердің меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында ұйымдастырылған.
Болат Шахизада – осы бағдарлама арқылы Қаратау ауданының әкімі аппаратына жолдама алғандардың бірі. Ол биыл Орта Азиялық инновациялық университеті медициналық колледжін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітіріп, жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелді. Тамыз айынан бастап ол өз мамандығы бойынша Есеп-қисап бөлімінде жұмыс істеуде.
– Оқуды бітірген соң жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында бағдарлама арқылы жұмысқа шақыру жөнінде хабарландыруды көріп, осындағы мамандардың көмегіне жүгіндім. Орталық мамандары маған бірнеше жұмыс орнын ұсынды. Мен Қаратау ауданының әкімі аппаратында жұмыс жасауды таңдадым. Уақытша болса да жұмысқа орналасқаныма қуаныштымын, – дейді 21 жасар бағдарлама қатысушысы.
Биыл қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан 2500 жасты аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда 2575 азамат уақытша жұмысқа орналасты. Яғни, жоспар 103 пайызға орындалды.
Бағдарлама талабына сай, қатысушының жасы 29-дан аспауы тиіс және «жұмыссыз» мәртебесі болуы керек. Және соңғы үш жыл ішінде (2019-2021ж.) жоғары оқу орындары мен колледжердің түлектері бір-ақ рет қатыса алады.

Жалпы былтыр 3 мыңға жуық жас аталған бағдарламамен жұмыспен қамтылып, оның 536-сы тұрақты жұмысқа орналасты.

Advertisements