Шымкентте қымбат медициналық қызметтер мен оталар қолжетімді

288

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Сәбит Құралбектің қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі» аясында Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры С.Құралбек міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің халыққа тиімді тұстарына тоқталды.

– Медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін тұрғындардың денсаулығын сақтауға бөлінген қаражат мөлшері ұлғайды. Яғни, бұл жүйе енгізілген уақытқа дейін азаматтар тек қана тегін медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде медициналық көмекті алатын. Ал бүгінде жүйенің қатысушылары қосымша қаражат жұмсамай, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қосымша медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие. Барлық жүйенің қатысушысы табыс мөлшеріне қарамастан, осы жүйеде көрсетілетін барлық медициналық көмекке, оның ішінде жоғары технологиялық зерттеулер, қымбат медициналық қызметтер және оталарға бірдей қол жеткізе алады, – деді Сәбит Райымбекұлы.

Спикердің сөзінше, қалада халыққа медициналық көмек көрсетуге үміткер медициналық мекемелер саны ұлғайған. Осы жылы 120 медициналық мекемемен келісімшарт жасалған. Оның 87-сі жеке меншік иесіндегі ұйымдарды (72,5%) құрайды. Медициналық мекеме санының артуы олардың арасында шынайы бәсекелестікті туғызады. Ал аталған жүйеде әр тұрғын емдеу мекемесін таңдауға құқылы. Бұл ретте медициналық мекемелер тұрғындарды өздерінің мекемесіне тарту үшін жағдай жасайды. Бірінші кезекте медициналық көмек сапасын арттырады.

Брифингте белгілі болғандай тұрғындар арасында «Qoldau 24/7» атты мобильдік қосымшасы кеңінен тарауда. Бұл қосымша арқылы әр тұрғын сақтандыру бойынша толық ақпарат алуға, денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер мен ұсыныстар қалдыруға, медициналық мекеме немесе медицина қызметкерлері тарапынан болған кемшіліктер туралы арыз-шағым түсіруге болады.

Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты талабы – ол әр тұрғынның осы жүйенің қатысушысы болуы. Яғни осы жүйеде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болып, қажет болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке қол жеткізуі. Бұл бағытта тұрғындарды осы жүйеге барынша тарту жұмыстары жалғасуда. Шымкент қаласы бойынша бүгінде сақтандырылғандар саны 882 807 (80,8%) құраса, сақтандырылмағандар саны 210 377 тұрғынды (18,2%) құрап отыр.

Advertisements