ҚАРАТАУ АУДАНЫНДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 83,5 % -ҒА ЖЕТПЕК

371


Шымкент қаласы Қаратау ауданының әкімі А.Әліқұлов қала әкімдігінің «Instagram» парақшасында өткен тікелей эфирде атқарылған жұмыстарды баяндап, түрғындар сауалына жауап берді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың өзекті мәселелерін бақылауға алу, заң аясында шешу, халықпен кері байланыс орнату мақсатында аудан әкімі инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы, аулаларды абаттандыру бойынша негізгі жұмыстардан хабардар етті.
Ауданда 47 202 жеке тұрғын үйдің 36 324-і яғни, 77 %-ы тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылған. 5 937 тұрғын үй кесте бойынша, 4 941 үй тасымал суды тұтынады.

Ауданда Көмешбұлақ су жинақтауышысынан Тұран шағынауданы айналма жолына дейінгі, диаметрі 920 х 10 мм, ұзындығы 4,48 шақырым суаққы құрылысы 2020 жылдың мамыр айында басталған болатын. Мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС құрылысты желтоқсан айына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Тұран шағынауданын (1-кезек) ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 62,7 шақырым ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Достық шағынауданында (2-кезек) 116,5 шақырым ішкі орамдық жүйелерінің құрылысы аяқталып, су есептегіш құралдары орнатылуда. Азат шағынауданында қазіргі таңда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Асар-2 шағынауданында ішкі орамдық жүйелерінің құрылысы қазан айында аяқталады. Аталған жұмыстар аяқталуына орай, сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 83,5 %-ға жетеді.

Ауданда сапалы электр қуатымен қамту бойынша да бірқатар құрылыс жұмыстары қолға алынған. Тұран шағынауданында электр жүйелерінің құрылысы «АБМ Билдинг» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Нысанды тапсыру мерзімі – 2021 жылдың қараша айы. Тассай тұрғын алабында қазіргі таңда абоненттеу жұмыстары атқарылуда.

Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабында магистралды газ құбырының құрылысы қарашада ақталады. Достық және Асар-2 шағынауданында ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталып, ел игілігіне беріледі.

Advertisements