ҚАЛА ӘКІМІ МАГИСТРАЛДЫ СУ ҚҰБЫРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН АРАЛАДЫ

359

Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов «Көмешбұлақ» су жинақтаушысынан «Тұран» шағынауданы айналма жолына дейінгі үш магистралды суаққының құрылыс алаңына барды.
Су жинақтаушысынан бастап айналма жолға дейін ұзындығы 4,48 шақырым болатын су тартқышының екі желісін салу жұмыстары жүргізілуде. Бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталған. Мердігер мекеме құрылысты биыл қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Су құбырларының ұзындығы – 11,3 шақырым. Бүгінге дейін 10,1 шақырым құбыр жұмыстары аяқталды.
Қала әкімі жауапты мердігерлерге жұмысты сапалы әрі тиісті мерзімде аяқтауды тапсырды.
Жалпы қалада 3 магистралды су құбырының құрылысы жүргізіліп отыр. Бұл нысандар пайдалануға берілгенде Асар-2, Шымсити, Тұран, Достық, Солтүстік саяжай, Ынтымақ, Ынтымақ-2, Батыс, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Жаңа Тұрлан, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ тұрғын алаптарындағы 250 мыңға жуық халық үздіксіз сапалы ауыз сумен қамтылады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Advertisements